Көктемде қоймалар 100 пайызға дейін толды: Қазақстанда қазір су жеткілікті ме?
Еліміздің су шаруашылығы саласында 10 мыңнан астам адам жұмыс істейді
9 шілде – еліміздің су шаруашылығының мамандары кәсіби мерекелерін атап өтіп жатыр. Салада 10 мыңнан астам қазақстандық жұмыс істейді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы Ерлан Жұмабаевтың айтуынша, көктемде жиналған тасқын суды пайдалану тиімді пайдалану мәселесі су ресурстарын басқару тұжырымдамасына енгізілген.
Президент тапсырмасынан кейін су ресурстарын басқарудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдасына өзгерістер енгізілді. Ол су тасқыны кезінде жиналған суды тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу сияқты мәселелерді қамтиды. Қазір Мәжілісте Су кодексі әзірленіп жатыр. Биыл су көп болды. Қазіргі таңда көп өңірде егін суару маусымы басталды. Көктемде су тасқыны аяқталған кезеңде еліміздің басым бөлігі – солтүстік, орталық және шығыс өңірлердегі су қоймаларының толу деңгейі 100 пайызға жуық болған еді. Қазір қоймалардағы су көлемі азайды, әр жерде әртүрлі. Мәселен, солтүстік өңірлерде 90 пайыз, орталық аймақтарда 85 пайызды құрайды. Ал оңтүстік аймақтарда егін суару маусымы ерте басталып кеткендіктен, ол жақта 50-60 пайыз аралығында су бар. Вегетациялық маусым жоспарға сәйкес жүріп жатыр, қазір су жеткілікті, - деді ол.
Сондай-ақ оңтүстік аймақтар 90 пайыз көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанға тәуелді екенін атап өтті. Комиссия отырыстары өтіп, қазір келісілген су көлемі келіп жатыр. Барлық су пайдаланушылар өздерінің берген кестелеріне сәйкес, қажетті суды алып отыр деп сендірді.
Еске салсақ, өткен аптада Астанада ШЫҰ саммиті өтті. Онда ұйымға мүше мемлекеттер жаһандық жылыну процесіне қарсы бірігіп күресу туралы айтқан болатын.
Жақында ШЫҰ саммиті өтті, соның аясында бірқатар келісімге қол қойылды. Қазір министрлік су үнемдеу технологияларын енгізуге назар аударып жатыр. Сондай-ақ суару каналдарында цифрландыру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Мәселен, Иран елінің өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. Иран су тапшы елге жатады, алайда су үнемдеу технологияларын енгізуде Израиль сияқты көшбасшы болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, егін еккен шаруаларға субсидияны 80 пайызға дейін көтеріп отыр. Бұдан да басқа ынталандыру шаралары бар. Мұны пайдаланған шаруалардың шығындарының басым бөлігін мемлекет өзі көтереді, - деп қосты ол.
Бұған қоса, басқарма басшысы жеке меншіктегі су қоймаларына қатысты пікір білдірді.
«Су кодексі су қоймаларының жеке меншікте болуына тыйым салмайды. Жеке меншікте болған соң, тек аумақтық инспекциялар тексеру жүргізіп отырады. Кодексте әр су нысанының қауіпсіздігіне меншік иесі жауапты екені жазылған. Тексеріс кезінде кемшіліктер анықталған жағдайда акт толтырылып отырады. Бүгінгі күні елімізде 400-ге жуық су қоймасы болса, соның 30-ға жуығы жекеменшікте. Олар балық шаруашылығы, мал суаруға арналған шағын қоймалар. Стратегиялық маңызы бар қоймалардың барлығы республикалық меншікте екенін атап өту керек», - деді Ерлан Жұмабаев.
Министрлік 9 облыс аумағында 20 су қоймасын салуды, 15 су қоймасын реконструкциялауды жоспарлап отыр. Су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруі бойынша сарапшы Болат Есекиннің айтуынша, жер шарында жаһандық су айналымы бұзылған. Ал Су министрлігінің бастамалары мәселенің жартысын ғана шешеді. Жоғары аудиторлық палатаның бұрынғын төрағасы Наталья Годунова Қазақстанда 2030 жылға қарай су ресурсы айтарлықтай азаятынын айтқан еді.