×

Су министрлігінің бастамалары мәселенің жартысын ғана шешеді – сарапшы

Болат Есекин жаңа су қоймасын салу жағдайды күрделендіреді деп санайды

 Айгерім Таубай 22.02.2024 | 17:32
Фото: Halyq Uni

Қазақстандағы суға қатысты басты мәселенің бірі – қарқын алып келе жатқан су тапшылығы. Су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруі бойынша сарапшы Болат Есекиннің айтуынша, жер шарында жаһандық су айналымы бұзылған. Бір жерде су тасқыны болып, адамдар қаза тауып жатыр. Ал әлемнің бір бұрышында ауыл шаруашылығына су жетпейді. 

Су қоймасы, бөгет (дамба), шұңқыр қазу салдарынан табиғаттың жұмыс істеу механизмі өзгерді. Жаңа су қоймасын салу арқылы жағдайды күрделендіре түсеміз. Судың ортасына бөгет қоюдан мәселе шешілмейді. Ауыл шаруашылығы, экология министрлігінің істеп жатқаны жеткіліксіз. Оның орнына адамдарды өзі тұтынатын суға тәуелді ету қажет. Бір тұрғын үйде тұратын адамдарға «суды осы қарқынмен қолданатын болсаңыздар, ол тек 3 жылға ғана жетеді» деп, суды үнемдеуге ұлттық бағдарлама, оқыту, білім беру арқылы шақыру қажет. Яғни, адамдар өзі тұтынатын судың қожайыны болып, жауапкершілікпен қарауы қажет, - дейді Болат Есекин.

Ал ресурстары және ирригация министрлігі 9 облыс аумағында 20 су қоймасын салуды, 15 су қоймасын реконструкциялауды жоспарлап отыр.

Сарапшының айтуынша, су тарифін өсіру де мәселені шешпейді. Шұңқыр қазып, суды жинап, қуаңшылық кезінде сол суды пайдалану – мәселеге үстірт қараумен тең.

Министрлік Су кодексін әзірледі. Министр Нұржан Нұржігітовтің сөзінше, құжатта суды сарқылудан, ластанудан қорғауға басымдық берілген.

«Жаңа Су кодексінде суды қайта пайдалану, оны тазалау мәселесі көрсетілген. Суды пайдалану мәдениетін қалыптастыруда мемлекеттік органдармен қатар азаматтардың да жауапкершілігі бар. Ауыл шаруашылығына келсек, әр дақылдың өз нормативі бар. Содан аспай, қолдану үшін жаңа технологияларды енгізу көзделген. Су саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілік заңнамалық деңгейде күшейтіледі. Ауыз судың сапасын жақсартуға қойылатын талаптар пайда болды. Су кодексі қабылданғаннан кейінгі екі жыл өтпелі кезең деп аталады. Сол аралықта барлық кәсіпорын, жеке кәсіпкерлер суды қайта пайдалану құрал-жабдықтарды орнату жоспарын өткізуі керек. Содан кейін 5 жыл ішінде ол жоспарды орындауға міндетті. Жоспар бойынша – 7 жыл. Бұл мерзім өзгеруі мүмкін, қазір талқыланып жатыр», - деді Нұржігітов Global Water форумында.

Министр де су тарифін көбейті мәселені толық шешпейтінін айтады. Қазақстанда 100 текше шақырым су қалыптасады, оның 25 текше шақырымы қолданылады. Алдымен бар суды жинап, одан кейін оны үнемдеуге назар аударылады. Ал су тарифін көтеру – оның бір бағыты ғана.

Сарапшы Болат Есекин Су кодексі, жаңа тұжырымдама мен бағдарламалар Қазақстанда суға қатысты мәселенің тек жартысын ғана шешеді деп санайды.

Қазіргі жұмыстың өзі мәселені шешуге аздық етеді. Министрлік заңы, бөлінген қаражаттан бөлек бизнесті түгел осы іске тарту керек. Себебі суды тек министрлік қолданбайды, шағын және орта бизнес, ірі компаниялар, фермерлер, үй шаруасындағы адамдар тұтынады. Заңда барлық адам өз суын қорғайтындай болуы керек. Біз қазір бұлақ, көлдерді қорғап отырған жоқпыз. Олар содан тарылып жатыр. Мысалы, кәсіпкер келіп, өзеннің үстіне өндіріс жүргізді. Ластаған соң жұмысын тоқтатып, кетіп қалды. Ал оның айналасында адамдар не істерін білмейді. Тек шағым жазумен ғана шектеледі. Сол себепті сол жерде тұратын азаматтар өзен-көлге иелік ететіндей жүйе болуы қажет, - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, суға көңіл бөлуге жаһандық климат, мұздықтардың еруі тікелей әсер етіп отыр.

Көрші елдер суды жыл сайын көп алып жатыр. Су үшін соғыс. Су дипломатиясы, бұған дейін су бойынша жасалған келісім жарамсыз болып қалады. Өзбекстан, Ауғанстан, Түркіменстанда су болмаса, олар бұл келісімге мән бермейді. Оның орнына бірлесе суды қай жерде пайдаланған тиімді екенін шешкеніміз жөн. Бір өзенді бірнеше адамға бөлсе, әрқайсысы суды көбірек алғысы келіп тұрады. Егер ортақ иелік ететін болса, суды қай бағытқа жұмсау тиімді екені талқылана бастайды. Бұл – бірлесе басқару, - дейді сарапшы.

Министр Нұржан Нұржігітов шекаралас елдермен суды пайдалану келісімі барын айтады.

Ресеймен 5 өзен бойынша жұмыс комиссиясы бар. 2023 жылы 7 мемлекетпен жоспарланған отырыс өткізілді. Қытай тарапымен былтыр екі рет кездестік. Әр өзен бойынша келісілген норматив бар. Былтыр барлық мемлекет өзі алған міндеттемені орындады. Биыл су қоймаларын толтырып жатырмыз. Солтүстік Қазақстан, Батыс және Шығыс, Орталық Қазақстанда су қоймаларын толтыру былтырмен салыстырғанда 5%-дан 17%-ға жоғары, - дейді министр.

Айта кетейік, 2023 жылдың 1 қыркүйегінде су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды.

Ал 2024 жылы «Болашақ» білім беру бағдарламасына «Гидрогеология», «Су ресурстары» және «Су қауіпсіздігі» сияқты жаңа су мамандықтар енгізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама