Halyq Uni логотип
×

Апелляциялық сот Арыстанбек Мұхамедиұлының әйеліне шыққан үкімді өзгертті

Осылайша 6 айға сотталған Ғалия Ысқақованың жазасы өтелген деп саналады

 Айгерім Таубай 05.07.2024 | 16:32
Апелляциялық сот Арыстанбек Мұхамедиұлының әйеліне шыққан үкімді өзгертті
Фото: Halyq Uni

Астананың апелляциялық сот алқасы бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның әйелі Ғалия Ысқақова, отбасының құқығын қорғаған адвокат Мұстақым Төлеевке қатысты іс бойынша шешім шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni.

БІРІНШІ САТЫДАҒЫ ҮКІМ

2024 жылдың 13 ақпанында бұл іс бойынша Арыстанбек Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Әйелі Ғалия Ысқақова парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынып, 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Мұстақым Төлеев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ СОТТЫҢ ШЕШІМІ

Сот алқасы Ғалия Ысқақованың әрекетін қылмыстық кодекстің 368-бабы 1-бөлігінен (парақорлыққа делдал болу) қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) – 368-бабы 1-бөлігіне ауыстыру туралы шешім шығарды. Осылайша Ысқақованы осы бап бойынша кінәлі деп танып, оның 2023 жылдың 5 шілдесінен бастап үйқамақта отырғаны, үйқамақтағы бір күнді түзеу мекемесінің екі күніне тең келетінін ескеріп, 6 айға сотталған Ысқақованың жазасы өтелген деп саналады.

«Үкімнің басқа бөлігі өзгеріссіз қалсын. Сотталғандар мен олардың адвокаттарының өтініші қанағаттандырылмайды», - деді сот алқасының төрағасы.

ІСТІҢ МӘНІ-ЖАЙЫ

Арыстанбек Мұхамедиұлы 2023 жылдың 20 маусымында 8 жылға сотталды. Араға екі апта салып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-министрдің әйелі пара беруге оқталғанын анықтаған. Ал олардың мүддесін қорғаған адвокат Мұстақым Төлеев алаяқтық пен пара беруге итермелеу әрекетін жасады деген күдікке ілінді.

Ол Арыстанбек Мұхамедиұлының жазасын жеңілдету және қамаудан босату үшін экс-министрдің әйелінен сот органдарының лауазымды адамдарына беру үшін пара ретінде 460 мың доллар алған.

2024 жылдың қаңтарында қылмыстық іс сотқа түсті. Арыстанбек Мұхамедиұлы қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа оқталу) – 367-бабы 4-бөлігі (пара беру) бойынша күдікке ілінген. Әйелі Ғалия Ысқақова 368-баптың 1-бөлігі (парақорлыққа делдал болу), Мұстақым Төлеев 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша сотқа тартылған.

Одан бөлек 2023 жылдың қыркүйегінде Арыстанбек Мұхамедиұлы елордадағы «Дипломат» қонақүйін рейдерлік жолмен алды деген күдікпен қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды.

Тергеу мәліметіне сәйкес, 2019 жылы Арыстанбек Мұхамедиұлына елордадағы «Дипломат» қонақүйінің иесі, кәсіпкер К. жүгінген. Экс-министр оған 2,5 млрд теңге беруге келісіп, оның орнына қонақүйдің жарғылық капиталының 71%-ын енесінің атына жазып беруді ұсынған. Осылайша ол қонақүйді толық иемденіп алмақ болған.

11 желтоқсанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаевтың қаулысымын «Дипломат» қонақүйі мен Ұлттық музейге қатысты тағы бір іс біріктірілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама