Halyq Uni логотип
×

«7 жылға сотталғандар бостандықта жүр»: Қызылорда базарындағы атыстан кейінгі дау әлі бітпеді

Атыс кезінде үш адам қаза тапты

 Ербол Тұрымбет 03.07.2024 | 14:18

Қызылордада базар дауынан басталып, соңы атыспен аяқталған іс әлі шешімін тапқан жоқ. Оқиғаның басты кейіпкері, әділдік іздеп Жоғары сотқа келді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Еске салсақ, бұған дейін оқиғаның басты кейіпкері – Қансейіт Мектепбаев бір жыл бұрынғы сұқбатында өзін өлтіріп кетуге сыртынан тапсырыс берілгенін, оны орталық базардағы үлеске таласқан қожайындар істеп отырғанын айтқан еді. Соның ақыры тапа-тал түсте үш адам жер жастанған қанды оқиғаға ұласқан. Атыс кезінде Қансейіт Мектепбаев тірі қалды.  

Ләйла Құрбанқызы Ризванова – «Сыбаға» базарының егесі. Оның келіні – Зарина Ризванова «Қорқыт» базарының қожайыны. Ал Смағұлов Қанатжан – «Мирас» базарына ие. Бұл кісілерді полиция департаментінің қызметкерлері қандай дәлел тауып қамаса да, бір күн жатқызып, ертесіне шығарып жіберіп отырды. Сондай жағдай екі рет болды, екі рет қамалып, екеуінде де шығып кетті, – дейді Қансейіт Мектепбаев.

«Халық үні» ютуб-арнасында сюжет жарияланғаннан кейін облыста полиция департаментінің бастығы мен облыс прокуроры ауысып, Зарина Ризванова мен Қанатжан Смағұлов тергеу изоляторына қамалып, бір жыл жатқан. Биыл 29 наурызда Қызылорда қалалық соты ол екеуін 7 жыл, ал тапсырысты орындаған жігітті 8 жыл бас бостандығынан айырды. Алайда 18 маусым күні облыстық сот қалалық соттың үкімін басқа бапқа өзгертіп, екеуін бостандыққа шығарып жіберген.

2023 жылы көктемде менің ініме сот болған кезінде де қалалық сот 102-баппен қорғану мақсатында деп 1,5 жыл жалпы колонияға соттаған. Бірақ облыс соты бұзып, оны көшеге шығып атты деп, адам өлтірген қылып, 16 жыл мерзім беріп жіберді. Мына сотта да, қалалық сот бар дәлелін көрсетіп тұр. Облыс соты бұзып, Зарина мен Қанатты бостандыққа шығарып жіберді, – деді Қансейіт Мектепбаев.

Қансейіттің айтуынша, істің бәрі облыстық сотқа келгенде айыпталушылардың пайдасына шешіліп кетіп тұр. Ләйла мен Зарина Ризвановалар және Қанатжан Смағұлов өлтіруге тапсырыс бермегенде ешқандай қылмыс та болмас еді дейді. Бұл сөзіне Зарина Ризванова мен тапсырысты орындаушы жігіттің үнтаспаға жазылған деген әңгімесін дәйек қып келтіріп, әлеуметтік желіде жариялаған. Онда мынадай әңгіме жазылған:

Арман Жұбаниязов: Құрбанова, Қасеке, Қанат, ваш заказ выполняется

Арман Жұбаниязов: Балалар енді Асылбекпен, Қансейітпен жұмыс істеп жатыр балалар. Енді аналардың нелерін беру керек. Құрбановна бере ме әйтеуір?

Зарина Ризванова: Береді, ертең береді

Арман Жұбаниязов: Берсе болды сол

Зарина Ризванова: (Ләйла Ризвановаға – ред.) шешімді өзіңіз қабылдайсыз дедім. Бірақ менің көзқарасым бойынша, оларға (ақшаны – ред.) беру керек. Ол болмаса, мұның бәрі не үшін басталды? Олар (тапсырыс – ред.) басталды. Істі кері қайтара алмайсыз

Тапсырысты орындаушы ретінде сотталған Арман Жұбаниязов та негізгі тапсырыс берушілердің кім екенін өз аузымен айтып, бейнежазба жариялағанын атап өтті.

Негізгі ұйымдастырушы «Мирас» базарының директоры Қанат Смағұлұлы, «Қорқыт» базарының директоры Ләйла Құрбанқызы, сосын оның көмекшісі Зарина Ризванованың да қатысы бар. Бұлар негізі «Қансейітті ұрып-соғып, базардан шығарып жібер» деп тапсырыс берген. Мен сол тапсырысты орындауды Азаматқа тапсырдым. Азамат соның бәрін ұйымдастырып, Титов қыстағындағы атыс сол себептен болған, – дейді Арман Жұбаниязов.

Қансейіт осы жолы Астанаға Жоғарғы сотқа облыстық соттың тағы бір әділетсіз үкіміне шағымданып келгенін айтады. Өзінің айтуынша, Зарина Ризванованың қолшоқпар жігіттері жабылып ұрған. Ал жабылып ұрған екі жігіттің бірі сол уақытта онсыз да шартты мерзімін өтеп жүрген, дейді. Соған қарамастан облыстық сот тағы бір шартты мерзім қосып берген. Ал Жоғарғы сот облыс сотының бұл шешімін жойып, айыптыны 3 жылға қамау туралы үкім кескен.

Менің арызымды қанағаттандырды. Тұрашбек деген шартты мерзімін өтеп жүрген жас жігітке қатысты облыстық сот шешімін бұзып, 3 жыл түрмеге қамау жөнінде үкімін шығарып берді. Қызылорда облысы сотында әділдік жоқ екенін осының өзі дәлелдеп тұр, дейді Қансейіт.

Полицейлер ұстап, прокуратура кінәсін дәлелдеп беріп тұрған қылмыскерлерді қалайда лайықты жазасына тартқызам деген Қансейіт Астанада Жоғарғы сот пен Бас прокуратураға қайтадан шағымданып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама