Заңға бірқатар өзгеріс енгізілген
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңға қол қойды. Заңға қандай өзгерістер енгізілгенін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтып берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Бұл құжат ғылымды дамытуға және елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін ғылыми жетістіктердің нәтижелерін енгізу жөніндегі технологиялық саясатты іске асыруға, сондай-ақ ғылыми қызметтің стратегиялық, кәсіби және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған.
Атап өтер болсам, біріншіден, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясатының өзара байланысы мақсатында идеядан сериялық өндіріске дейінгі ғылыми зерттеулерді іске асыруға ұсынылатын негізділік пен технологиялық дайындықты (TRL) бағалаудың жаңа тетігі енгізілді. TRL ғылыми-өндірістік цикл мен коммерцияландырудың барлық кезеңін қолдаумен қамтуға мүмкіндік береді. Осылайша, Қазақстанның ғылыми-технологиялық саясаты әлемдік технологиялық көшбасшыларға қатысты инновациялық алшақтықты қысқартуға бағытталады.
Екіншіден, Ғылым қорының технологияларды коммерцияландыру жөніндегі ұлттық агенттік ретіндегі мәртебесі кеңейтілді. Ол ғылым және технологиялар саласындағы бағдарламалар бойынша бірыңғай көпір болып, инновациялық инфрақұрылымдарды қолдауды жүзеге асырады.
Үшіншіден, Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығын құра отырып, ғылыми жетістіктерді, инновациялар мен жаңа технологиялар нарығын мониторингтеу мақсатында ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу және талдау бойынша жаңа механизм енгізілді. Ғылыми-техникалық ақпараттың мониторингі ғылыми процесті ақпараттық-талдамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл, әрине, ғылым мен инновациялардың дамуының тұрақтылығына ықпал етеді. Сондай-ақ елдегі ғылымды басқарудың тиімділігін арттырып, ғылыми саланы цифрлық экономиканың толыққанды сегментіне айналдырады.
Төртіншіден, ғалымдарды ынталандыру мақсатында жас ғалымдар үшін жеңілдікті тұрғын үй сатып алу құқығы енгізіледі. Сондай-ақ заң шеңберінде Салық кодексінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілеріне ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар бойынша салықтық жеңілдіктер мен салық шегерімдерін беру бойынша мемлекеттік ынталандыру шаралары ұсынылады. 50% мөлшерінде салық шегерімдері көзделген.
Бесіншіден, заң ғылымды басқару құрылымын жетілдіреді. Заң жобасымен жергілікті атқарушы органдарға ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, гранттық қаржыландыру нысанында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмысты үйлестіру бойынша құзыреттер беру ұсынылады.
Сонымен қатар қамқоршылық кеңестің, академиктердің жалпы жиналысының, Төралқа мен басқарманың құзыреттерін, қаржыландыру көздері мен өкілеттіктерін көрсете отырып, жоғары ғылыми ұйым нысанындағы Академияның жаңа мәртебесі айқындалды.
Бұдан бөлек, Президент «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға қол қойды, оның шеңберінде Парламент Мәжілісінің депутаттары мемлекеттік сатып алудың жалпы бюрократиялық рәсімінсіз ғылыми зерттеулер мен ғылыми жұмыстарды орындау үшін қажетті ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары сатып алатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға байланысты нормаларды енгізді. Енді сатып алу тәртібін Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша айқындайды», – деді министр.
Қазақстан ғылымының болашағы бар ма? Саладағы өзгерістердің жай-күйі белгілі болды. Грант, шәкіртақы, баспана: Қазақстан ғалымдарына қандай жағдай жасалғаны айтылды. «500 ғалым»: Қанша Қазақстан азаматы шетелде тағылымдамадан өтті. Қазақстандық ғалымдардың жетістіктері аталды. Елімізде өңірлік университеттер қалай дамытылмақ – министрлік жауабы.