×

Алматыда жолақысы қымбаттайды

Биыл тасымалдаушыларға бөлінетін субсидия 97,3 млрд теңгеге дейін өсті

 Динара Амантай 01.07.2024 | 11:45
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің бапасөз қызметі

Алматыда қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 20 теңгеге қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Әкімдік 80 теңгелік тариф 2011 жылдан бері өзгермегенін және былтыр ғана 20 теңгеге қымбаттағанын атап өтті. Қазір қалада тарифтің құны қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлеген кезде – 100 теңге, ал қолма-қол төлеген кезде – 200 теңге.

Ресми ақпарат бойынша, биыл қоғамдық көлікте жол жүру үшін орташа тариф – 310 теңге, ал кейбір маршрутта 400 теңгеге жетеді. Осыған байланысты жыл сайын тасымалдаушыларға төленетін субсидия мөлшері өседі. Егер 2023 жылы 68,7 млрд теңге бөлінсе, 2024 жылы субсидияның болжамды көлемі 97,3 млрд теңгеге дейін өсті. Осылайша, қазіргі тариф бойынша субсидиялау мөлшері үнемі өспек. Бұл жергілікті бюджет үшін шамадан тыс салмақ болуы мүмкін.

Қала тасымалдаушылары қолданыстағы тариф тасымалдаушылардың автобус сатып алуға, жаңартуға және уақтылы қызмет көрсетуге, сондай-ақ жүргізушілердің жалақысын көтеруге жұмсаған шығынды өтемейді деп бірнеше рет айтты. Тасымалдаушыларға және жергілікті бюджетке жүктемені ішінара азайту мақсатында қалалық қатынастарда жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауға тариф белгілеу туралы қала әкімдігі қаулысының жобасы дайындалды. Жоба жол жүру тарифін 120 теңгеге дейін көтеруді көздейді. Тиісінше, азаматтардың жеңілдетілген санаттары үшін жол жүру құны тарифтің 50%-ы болады, – делінген басқарма хабарламасында.

Сонымен қатар қоғамдық көлікте жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол жүру ақысын қолма-қол ақшамен төлеуді жою көзделген. Бұл автобус жүргізушісіне көлікті басқаруға және ақша жинауға алаңдамауға мүмкіндік береді.

Қалалық мобилділік басқармасы жаңа тариф кезінде субсидиялаудың болжамды көлемі 2024 жылы 7 млрд теңгеден астамға қысқаратынын атап өтті. Бұл қала тұрғындарының талабын ескере отырып, қоғамдық көлікте көп жүруді арттыруға қосымша қаржы жұмсауға мүмкіндік береді.

Мәселен, 2023 жылы қала әкімдігі 600 жаңа автобус пен 100 троллейбус сатып алды. Биыл қосымша 600 автобус, 100 троллейбус және 100 электробус сатып алу жоспарланған. Бұл техникаларды сатып алуға 160 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұған қоса, жеке тасымалдаушылар 2023 жылы 550 автобус, 2024 жылы 400-ге жуық жаңа автобус сатып алуды жоспарлаған.

 Қала әкімдігінің қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Астана қаласының қоғамдық кеңесінде автобуста жүру ақысын 90 теңгеден 110 теңгеге көтеру ұсынылған болатын. Қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин айтуынаш, соңғы 10 жылда жолаушы тасымалдаушылардың шығыны айтарлықтай өскен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама