×

«Автобустар тозып жатыр». Елордада жолақысын көтеру ұсынылды

Автобус парктері шығынға батқан

 Дәурен Ерболат 10.04.2024 | 17:58
Фото: astana.gov.kz

Астана қаласының қоғамдық кеңесінде қоғамдық көлікте жол жүру ақысын 90 теңгеден 110 теңгеге (қолма-қол ақшасыз төлем жасағанда) көтеру ұсынылды. Бұл туралы қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Соңғы 10 жылда жолаушы тасымалдаушылардың шығындары айтарлықтай өскен.

Мысалы, бұрын дизель отыны 107 теңге болса, қазір ол – 295 теңге. Осылайша, оның бағасы 275 пайызға өсіп отыр. Автобустардың құнын және жүргізушілердің жалақасын қосқанда, қалған шығындар бойынша жағдай осыған ұқсас. Қазір Астана қаласында 2014 жылғы қоғамдық тарифтің құны – қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде 90 теңге, қолма-қол ақшамен төлегенде 180 теңге. Биыл қоғамдық тарифтің құнын қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде 110 теңгеге, қолма-қол ақшамен төлеу кезінде 220 теңге көтеруді ұсынып отырмыз. Осы жағдайда субсидия көлемі 3 млрд теңгеге қысқарады, - деді Асхат Қарағойшин.

Оның айтуынша, былтыр автобус парктеріне 34 млрд теңге субсидия төленген. Бүгінде субсидияның мөлшері 38 млрд теңге болған.

Басқармасы басшысы автобустар тозып жатқанын, жолаушы тасымалдаушылары шығынға ұшырағанын жеткізді.

Қазір қалада 1400 автобус бар. №1 коммуналдық автобус паркінде қоғамдық көліктерді жаңарттық. Былтыр 400 автобус сатып алсақ, жақында 40 жаңа автобусқа қол жеткіздік. Енді биыл 200 жаңа автобусты сатып алуды жоспарлап отырмыз. 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан IVECO автобустары тозған. Бірақ тарифті көтермесек, автобус парктеріне қиын болады. Мысалы, бір автобус паркі нарықтан кетті, екеуі банкрот болды. Біз тарифті көтеріп, субсидияны қысқартқалы отырмыз, - деді басшы.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада жолақысы қымбаттауы мүмкін екені хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама