Қазақстанда 725 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген
Соңғы 5 жылдағы статистика да белгілі болды
Қазір елімізде 725 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тіркелген. Бұл туралы Halyq Uni тілшісіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Инклюзия бойынша департамент директоры Динара Жұбанова мәлімдеді.
«Бүгінгі таңда республикада 725 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Оның ішінде бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар – 76,4 мың адам, екінші топтағы – 270,7 мың адам, үшінші топтағы – 268,4 мың адам, 0-ден 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар – 109,5 мың адам», - деді ол ресми сауалға берген жауабында.
Соңғы 5 жылдағы статистика
Сонымен қатар, 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың үлес салмағы 3,7%-3,6% деңгейінде салыстырмалы түрде тұрақты болып қалғанын атап өткен жөн.
Мүгедектікке шыққандардың негізгі диагноздары
Мүмкіндігі шектеулі ересектердің жалпы санынан (615,5 мың адам):
- психикалық және мінез-құлықтық бұзылулары бар – 111,0 мың адам (18,0%);
- қан айналымы жүйесінің аурулары бар – 106,0 мың адам (17,2%);
- жарақаттары бар – 80,6 мың адам (13,1%) жетекші нозологиялар болып саналады.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың жалпы санының (109,5 мың адам) ішінде:
- жүйке жүйесінің аурулары бар – 29,7 мың адам (27,1%);
- туа біткен ауытқулары бар – 27,9 мың адам (25,5%);
- психикалық және мінез-құлықтық бұзылулары бар – 23,3 мың адам (21,3%) жетекші нозологиялар болып саналады.
Мүгедектігі бар азаматтардың құқығын бұзған 300-ге жуық шенеунік жауапқа тартылды. Мүмкіндігі шектеулі және асыраушысынан айырылған адамдарға 289 млрд теңге төленді.