Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Қазақстанда 4 күндік жұмыс аптасы қандай салаларға енгізілуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысынан соң вице-премьерге «Бұған дейін елімізде 4 күндік жұмыс аптасы енгізілетіні хабарланды. Мұның соңы не болды?» деген сұрақ қойылды.
Тамара Дүйсенова мәселе заң аясында қаралып жатқанын жеткізді.
Бұл мәселені қарадық, Еңбек кодексінде ол бар. Бұл – жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы қарым-қатынас. Мысалы, қыста қонақүйлер осылай істей алады. Яғни қызметкерге 4 күн жұмыс істеуге мүмкіндік бере алады. Бірақ туристер көп келген кезде жұмыс аптасын 6 күнге ұзарта алады. Алайда 40 сағаттық жұмыс аптасы сақталуы керек, - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Сондай-ақ ол 4 күндік жұмыс аптасы қандай салаларға енгізілуі мүмкін екенін түсіндірді.
Бұл – қызмет көрсету саласы мен туризм, қонақүй бизнесі. Осы салаларда (4 күндік жұмыс аптасы бойынша – автор) жұмыс істей алады», - деді Тамара Дүйсенова.
Еске сала кетсек, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда 4 күндік жұмыс аптасының енгізілуіне қатысты түсінік берген еді.