×

«Майқайыңдағы» апат: министр қандай жағдайда екі адамды іздестіру жалғасатынын айтты

Қайғылы жағдай 2024 жылдың 4 қаңтарында болды

 Дәурен Ерболат 18.06.2024 | 12:58
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

Павлодар облысы «Майқайың-алтын» АҚ аумағында шұңқырға құлаған автобустағы адамдарды іздестіру жұмыстары қашан жалғасатыны белгісіз. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, 13 мамырдан бастап дайындық жүргізіліп жатыр. Егер құтқарушыларға қолайлы жағдай жасалса, екі адамды іздестіру жалғасады. 

«Майқайың-алтын» АҚ-да құтқарушыларға қауіп төнгендіктен іздеу жұмыстары тоқтатылды. 13 мамырдан бастап дайындық жүргізіліп жатыр. Оның ішінде кен орнының солтүстік-шығыс бөлігіндегі опырылған топырақты кеңейту жұмысы әлі жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстар біткеннен кейін құтқарушыларға қолайлы жағдай жасалса, іздеу жұмыстары жалғасады, - деді министр.

Алайда Шыңғыс Әрінов дайындық жұмыстарының қашан аяқталатынын нақты айта алмады.

Болжам жасай алмаймын. Жұмыс біткеннен кейін нақты көресіздер. (...) Ол кісілердің мәйіттерін шығарамыз деп жүргенде құтқарушылардан айырылып қалмайық деген мақсатта барлық қауіпсіздік шарасын қабылдап жатырмыз, - деді басшы.

«МАЙҚАЙЫҢ-АЛТЫНДАҒЫ» АПАТ

Айта кетейік, 2024 жылдың 4 қаңтарында «Майқайыңалтын» АҚ шахтасында 4 құтқарушы мінген автобус опырылған топырақтың астына құлады. 2 адамның мәйіті жер бетіне шығарылды, тағы 2 құтқарушы әлі табылмады.

Содан кейін апатқа ұшырағандардың отбасыларына 4,5 млн теңгеден төленеді

26 қаңтарда «Майқайың-алтын» АҚ аумағындағы апатты тергеу жөніндегі комиссия жұмысының нәтижесі жарияланды. Соған сәйкес, комиссия 7 жауапты адамды анықтады

Олардың әрекеттері салдарынан топтық жазатайым оқиға болды, - делінген Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан ақпаратта.

Комиссия 4-24 қаңтар аралығында тергеу жүргізді.

Тергеуге 4 сараптамалық ұйым, оның ішінде Ресей сарапшысын тартып, алтын өндіруші кәсіпорынның куәгерлері мен лауазымды тұлғаларына сауалнама жүргізді. Сонымен қатар комиссия шахтаға түсіп, оқиға орнын зерттеген.

Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша апаттың себептері:

  • жұмыс өндірісін дұрыс ұйымдастырмау;
  • «Майқайыңалтын» АҚ жауапты тұлғалары тарапынан тау-кен жұмыстарының қауіпсіз жүргізілуіне өндірістік бақылау тиісті түрде жүзеге асырылмағаны;
  • блоктарды өңдеу кезінде қазбалардан құлау процесін бақылау тиісінше жүзеге асырылмағаны.

Сонымен қатар бұл бос орындарға тиісті бақылау жүргізілмеген. Ал тау массасы кенеттен опырылып түскен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама