Ақтөбе облысында есірткі сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ сотталды
Топты бұрын сотталған азамат құрған
Ақтөбе облысында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері есірткі сатқаны үшін түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ішкі істер министрлігі.
«Ақтөбе қаласының бұрын сотталған 57 жастағы тұрғыны 2021 жылғы қаңтарда 7 адамнан тұратын қылмыстық топ құрған. Олар Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен Ақтөбе облысы аумағына аса ірі мөлшерде «марихуана», «гашиш» есірткі заттарын тасымалдаумен, сақтаумен, өткізумен ұзақ уақыт бойы айналысқан. Жедел уәкілдер есірткінің кезекті партиясын сату әрекеті кезінде ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстады. Олардан заңсыз айналымнан 25 кг-нан астам «марихуана», сондай-ақ 5 кг-нан астам «гашиш» есірткі заттары тәркіленді», - деді Ақтөбе облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бөлімінің бастығы Асхат Асқаров.
Қылмыстық топтың жеті қатысушысы сот үкімімен есірткіні аса ірі мөлшерде сатқаны, ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны, оған қатысқаны үшін 15-17 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ақтөбелік тұрғын жылыжайда қарасора өсіріп, есірткі зертханасын ашқан. Есірткіні іш киіміне жасырып, алып өтпек болған өзбекстандық құрықталды. Түркістан облысының тұрғыны ірі көлемде есірткі өсірген. Шу тұрғынынан 200 келіге жуық есірткі тәркіленді. ШҚО-да ірі есірткі зертханасы жойылды. ҰҚК екі айда 2,3 млрд теңгенің есірткісін анықтады.