Су тасқыны кезінде өлген малдың еті базарда сатылды деген дерек расталмады
Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық қызметтің жағдайды бақылап отырғанын жеткізді
Су тасқыны кезінде өлген малдың еті базарда сатылды деген дерек тексерілді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Сауда нысандарында етті тексеретін ветеринарлық зертханалар бар. Қазір бізде нақты ақпарат жоқ. Кей БАҚ-та жарияланғанан ақпараттан кейін оқиға орнына барып, тексеріс жүргіздік. Бірақ мұндай факті анықталмады, дерек расталмады. Ветеринарлық қызмет жағдайды бақылауда ұстап отыр, - деді вице-министр.
Бердалиннің айтуынша, мал қырылған жерлерде дезинфекция жүргізілді.
Жұқпалы ауру тарайды деп қорқудың қажеті жоқ. Себебі тасқын кезінде мал қырылған жерлерде дезинфекция жүргізілді. 139 мыңнан астам бас мал қауіпсіз жерге айдалды. Оларға вакцина салынды. Жұмыс уақытында жүргізілді. Су тасқыны болған өңірлердегі мал қорымдары мен сібір жарасынан өлген мал көмілген жерлерден сынамалар алынды. Олар теріс нәтиже көрсетті, - деді Аманғали Бердалин.
Айта кетейік, ел бойынша су тасқыны салдарынан 12 мың бас мал қырылған.
Ал Үкімет су тасқыны салдарынан өлген мал иелеріне өтемақы төлеу алгоритмін әзірледі. Ұлттық статистика бюросының 2024 жылдың наурыздағы мәліметінше, еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің орташа бағасы тоннасына ірі қара мал үшін 962 753 теңге, жылқы – 1 092 296 теңге, түйе – 1 061 900 теңге, қой-ешкі – 947 454 теңге, үй құстары – 869 016 теңге.
Сондай-ақ Ұлттық статистика бюросы төрт түліктің жасына қарай нарықтағы бағасын да көрсеткен.
Мәселен, сауын сиырдың бағасы 369 656 теңге, сойылатын сиыр құны 374 271 теңгені құраған. Бұқа басы 409 972 теңге болса, өгіз басы – 426 767 теңге. Ал бұзаудың құны 161 467 теңгені құрайды.
Сондай-ақ дөнен және 3 жастан асқан жылқы басы 531 275 теңге, құнан – 388 984 теңге, жабағы мен тай басы – 267 913 теңге болып бекітілген.
Түйенің бағасы көрсетілген: інген – 708 442 теңге, бура – 728 639 теңге, бота-тайлақ – 422 995 теңге. Сонымен қатар ҰСБ қой мен ешкінің нарықтағы орташа бағасын атады. Атап айтқанда, қой – 63 001 теңге, қошқар – 69 312 теңге, тоқты – 46 304 теңге, марқа – 44 820 теңге, қозы – 29 581 теңге болса, ешкі – 38 517 теңге, лақ басы 21 898 теңгені құрайды.