×

Астанада үш жыл бұрын салынған тұрғын үй қайта жөнделіп жатыр

Құрылысқа жауапты – «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС

 Ербол Тұрымбет 28.05.2024 | 15:29

Астанада үш жыл бұрын салынған «Жеті жол 3» тұрғын үй кешені қайта жөнделіп жатыр. Мұндағы 87 пәтер жұмыс істейтін жастар мен әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларға сатып алу құқығынсыз жалға берілген. Құрылысты әкімдіктің «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС салған.

Пәтерлердің қайта жөнделуінің өзіндік себебі бар. Тұрғындар қолына кілтін алып барған кезде жаңа пәтері талаптарға сай болмай шыққан. Ванналары қойылмаған, электр желілері аяғына дейін толық орнатылмаған, тіпті кей пәтерлерде жылу батареялары да болмай шыққан. Ас бөлмесі де қолданысқа дайын болмай, үйдің қабырғалары мен балкондарында жырық пайда болған. Одан қалды, пәтерлердің ішіндегі қоқыс қалдығы сол күйі тазаланбаған.

Астана қаласы «Тұрғын үй қоры» КММ директорының орынбасары Саябек Нұрышевтің айтуынша, пәтерлер Құрылыс басқармасынан Тұрғын үй басқармасына берілгенде конкурс өткізу шараларына байланысты біраз тұрып қалған. Ал пәтерлердің кілті осындағы қызмет көрсетуші компанияда болған. Оның үстіне, сервистік компаниялар да 2-3 рет ауысқан. Сол уақыттарда біршама кемшіліктерге жол берілген. Кей пәтерде жылу батареясы мен электр торабы сынды құрылғылар жоғалған. Бірақ жаппай ұрлық-қарлық жоқ екенін айтады.

Пәтер иелері «Әділдік жолы» РҚБ-ға шағымданып, одан кейін қоғамдық ұйым өкілдері тұрғындардың шағымын құзырлы органдарға жеткізген. Бұл мәселеге құзырлы органдар араласқан соң пәтерлер қайта жөнделе бастаған.

Бұл фактілер бойынша Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі іс-қимыл департаментіне жүгіндік. Әрине, Антикор алаңында біздің өтінішіміздің негізінде бұл мәселе қаралды. Одан соң «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС және Тұрғын үй инспекциясына тапсырма берілді. Енді бүгін өзіңіз көріп отырғандай, сәуір айындағы алғашқы көрген үйдің жағдайы қазір мүлдем басқаша, - дейді «Әділдік жолы» РҚБ Астана қалалық филиалының жетекшісі Дархан Құлжамбеков.

Қазір пәтерлердегі жырықтар бітеліп, санузелдер мен крандар жөнделіп жатыр. Жоғалған батареялар мен электр тораптары орнына қойыла бастады. Әзірге 87 пәтердің 30-ға жуығы ғана қалпына келтірілген.

Halyq Uni редакциясы мемлекеттік бағдарлама аясында берілген жалдамалы пәтердің ешқандай талаптарға сай болмай шыққанын бұған дейін көтерген еді. Тұрғындар пәтердің жағдайы келісімшартта көрсетілген талаптарға сай болмай шыққанын айтқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама