×

«Мына пәтерді қабылдай алмаймын». Елордада мембағдарламамен салынған үйден ши шықты

Пәтерді жалға алған елордалықтар тұрғын үйдің апаттық жағдай екенін айтты

 Гүлбаршын Нұрхан 10.04.2024 | 15:14

Ақбота Есбергенқызы және Анэль Уалиева есімді елордалық Halyq Uni редакциясына хабарласып, көмек сұрады. Тұрғындардың шағымынша, мемлекеттік бағдарлама аясында берілген жалдамалы пәтер ешқандай талаптарға сай болмай шыққан. Енді үйдің жағдайын реттеу үшін олар өз ақшасын шығындауға мәжбүр.

Ақбота Есбергенқызы 28 наурыз күні мемлекеттік бағдарлама арқылы жалдамалы пәтер алған. Ол жұмыс істейтін жастарға арналған бағдарлама аясында келісіпшартқа қойып, пәтер кілтін алған. Ал Тұрғын үй қоры үйдің кілтін құжаттарға қол қойған соң берген. Алайда пәтердің жағдайы келісімшартта көрсетілген талаптарға сай болмай шыққан. Тіпті, үйдің жағдайын алдын ала тексеруге мүмкіндік те бермеген.

Жұмыс істейтін жастарға арналған бағдарламамен жалдамалы пәтер алдым. Бірақ үйдің жағдайы мәз емес. Мемлекеттен бірінші рет алып отырмын. Негізі үйдің нақты қандай жағдайда берілуі керек екенін білмеймін, бірақ дәл осы күйде қабылдай алмаймын. Үй ешқандай техникалық және санитарлық талаптарға сай келмейді.

Тіпті жуынатын бөлменің ішіндегі заттар орнында жоқ. Жарық, су, жылу құбырлары да қойылмаған, - дейді Ақбота.

 

13 жыл бойы кезегін күтіп, жалдамалы пәтерге қолы енді жеткен Анэль Уалиева есімді елордалық тұрғын үйдің кем-кетігін айтып берді. Ол бұл үй әлеуметтік жағынан осал санатқа жататын азаматтарға берілгенін алға тартып, пәтер ешқандай талапқа сай келмейтінін, жылу, су құбырлары дұрыс қойылмағанын жеткізді. Тіпті, жаңадан пайдалануға берілген тұрғын үйдің апаттық жағдайда тұрғанын айтты.

«Мен бұл пәтерді жетім санатымен алдым. 13 жыл бойы осы үйді күтіп, барлық жерге – Тұрғын үй қоры мен әкімдікке барып табанымды тоздырдым. Енді сол 13 жыл күткен пәтерім апаттық жағдайда тұр. Мен бұл үйді қабылдай алмаймын, ешқандай талапқа сай емес. Өзім екі баланы бағып отырған жалғызбасты анамын. Оның ішін реттеп, бәрін жөндеуге жалғыз өзімнің шамам келмейді», - дейді елорда тұрғыны.

Астана қаласындағы Тілендиев көшесінде орналасқан «Жеті жол» тұрғын үй кешенін Елорда құрылыс компаниясы салған. Тұрғындардың айтуынша, жауапты мекемелер құрылыс компаниясынан үйді қабылдап аларда тексермеген. Құрылыс жасаған немесе жөндеген мамандар үйдің ішіндегі заттарды шешіп алып кетуі де мүмкін. Бұл туралы «Әділдік жолы» РҚБ Астана қаласы бойынша филиалының жетекшісі Дархан Құлжамбеков айтты.

Жалпы пәтердің жағдайын көрдік. Ешқандай талаптарға сай емес. Біз қоғамдық бақылауды жүргізу барысында батареялар мен разеткалар болғанын, тиісті техникалық құралдар орнатылғанын анықтап отырмыз. Дегенмен оларды басқа біреулер қолды қылған немесе шешіп алып кеткен болуы мүмкін, - дейді қоғам белсендісі.

«Әділдік жолы» өкілі Дархан Құлжамбеков бұл мәселе қоғамдық бірлестіктің бақылауында болатынын, тиісті органдарға шағым түсіріліп, тексерілетінін жеткізді.

Жалпы үйдің жағдайын көріп кетуге келдік. Біз тұрғындардан үйдің тиісті құжаттарын алдық. Мәселені бақылауға аламыз. Тиісті органдарға жүгініп, бағасын береміз, - деді Дархан Құлжамбеков.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама