×

Қазақы тазы тұқымы еліміздің ұлттық брендіне айналуы мүмкін

Арнайы комиссия халықаралық көрмеде жүзге жуық итті тексерді

 Халық үні 27.05.2024 | 16:30
Фото: Halyq Uni / Мейірбек Тажқұранов

Астанада Қазақстан кинологтар одағы ұйымдастырған иттер көрмесі өтті. Көрмеде халықаралық комиссия Қазақстанның әр өңірінен келген 100-ге жуық қазақы тазы тұқымды итті тексерді.

Халықаралық кинологиялық федерацияның атқарушы директоры Ив де Клерктің айтуынша, комиссия мүшелері қазақы тазы тұқымын зерттеуге, иттердің мүмкіндігін, денсаулығы мен жалпы сыртқы келбетін көруге келген.

Қазақы тазы – тазы тұқымдас ит. Ол аң аулауға бейім, тиісінше тез жүгіріп, төзімді болып, жақсы көру қабілетіне ие болуға тиіс. Бұл сипаттамалардың барлығы аяқ-қолы, бұлшықеттері, сүйектерінің белгілі бір құрылымын қажет етеді – мұның бәрін біз көрме барысында анықтаймыз, - деп атап өтті Ив де Клерк.

Сонымен қатар комиссия Қазақстандағы қазақы тазы тұқымының стандартын және елдегі иттердің санын зерттеп жатыр.

Халықаралық кинологтар федерациясының басшылығы мен өкілдері елде иттердің саны жеткілікті деңгейде екеніне жеке көз жеткізіп, оларға деген мемлекет пен қоғамның қарым-қатынасын және жалпы ит өсіру мәдениетін тиісті деңгейде көрді. Осы көрменің қорытындысы бойынша комиссия «Kazakh Tazy» тұқымын Қазақстанның ұлттық тұқымы және бренді деп тану туралы Халықаралық кинология федерациясының Бас комитетінің шешіміне негіз болатын өз қорытындысын жасайды, - деді Қазақстан Кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали.

 

Қазір Қазақстан кинологтар одағының деректері бойынша елімізде 3-3,5 мыңға жуық тазы тіркелген. Алайда нақты саны әлі де түзетіліп жатыр және тіркеуден кейін бұл сан 2-3 есе көбеюі мүмкін. Өйткені құжаты жоқ тазы өте көп.

Сондай-ақ көрме аясында тазы тұқымдас иттердің ең үздігі анықталды. Ол Беловодье елінен келген Перизат деген тазы болды. Иесі – Берік Орынбаев (Алматы), ит өсіруші – Елена Хардина.

Көрменің ең кішкентай қатысушыларының бірі – Семейден келген Шағала деген 3 айлық тазы. Оның қожайыны – 11 жастағы Әділжан Жеңіс.

Мен әкеммен бірге аң аулаудың қыр-сырын зерттеймін. Біз иттерді тазыларға арналған арнайы тағаммен тамақтандырамыз. Біздің иттер Семейде түрлі жарыстар мен іс-шараларға қатысты, ал Астанаға алғаш рет келіп тұрмыз, - деді Әділжан.

Айта кетейік, Halyq Uni тілшісі көрмеге барып, республиканың әр өңірінен келген азаматтармен тілдесті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама