×

«Қазақ тазысы мойындалса, Африкаға да апаруға дайынбыз»: Елордада иттер көрмесі өтіп жатыр

Көрмеде арнайы комиссия іріктеуден өткен жүзге тарта тазыны тексереді

 Айгерім Таубай 26.05.2024 | 13:40
Фото: Halyq Uni / Мейірбек Тәжқұранов

Елодада халықаралық иттер көрмесі өтіп жатыр. Іс-шарада тазылар бағаланып, олардың стандартқа сәйкестігі тексеріледі. Соның нәтижесінде осы салаға жауапты халықаралық ұйымның қазақ тазысын мойындауы, «Kazakh Tazy» брендін Қазақстанға бекітуі туралы шешім қабылданады. Halyq Uni тілшісі көрмеге барып, республиканың әр өңірінен келген азаматтармен тілдесті.

Бүгін тарихы маңызы бар іс-шара өтіп жатыр. Бұл көрмеге барлық өңірден нағыз аңға салатын иттер қатысып жатыр. Жүзден астам ит бар. Бұл көрменің нәтижесінде арнайы комиссия қорытындысын береді. Сол қорытынды негізінде Халықаралық кинология федерациясы қазақ тазысын мойындау жөнінде шешім қабылдайды. Мұны жабық іс-шара деп айтуға болады, себебі қатысып жатқан иттер арнайы іріктеуден өткен, - дейді Қазақстан Кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали.

Қазір Қазақстанда тазымен айналысатын бірнеше ұйым бар. Қазақстан кинологтар одағы соның бірі. Бұл одақ халықаралық аккредитациядан өткен. Қазір оның құрамында 3-3,5 мың тазы тіркелген.

«Қазір жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Бір-екі жылдың ішінде тіркелген тазының саны екі-үш есе өседі. Себебі ауылдарда құжатсыз жүрген тазы көп. Соған барып, тексеріп, стандартқа сәйкестігі расталғаннан кейін құжат береміз. Құжат бергеннен кейін есепке енеді», - дейді Бауыржан Серікқали.

Одақ президенті ең алдымен қазақ тазысының аңшылық қасиетін сақтап қалу қажет деп есептейді.

Көрмеге тазысын алып келгендердің қатарында астаналық Әділхан Төкенов те бар. 2020 жылы құрылған Nomad ұлттық аңшылық клубы қатарына тазыға құмар азаматтар кірген. Бәрін тазыға деген құмарлық біріктіріп отыр. Төкеновтің айтуынша, клуб құрамындағы азаматтар түрлі салада қызмет етеді.

Клуб құрамында жиырмадан астам тазы бар. Жиырма шақты азамат тазыларды бірігіп ұстаймыз. Дамытып, сұрыптаумен айналысамыз. Күшігін аламыз. Аңшылыққа арналған жылқыларымыз да бар. Жылдан-жылға қатарымыз көбейіп жатыр. Бүгінгі тазы мен осыдан елу жыл бұрынғы тазының айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Елу жыл бұрынғы мақсаты қандай болса, қазіргі мақсаты да сол – аң аулау. Тазының басқа да қасиеттері бар, бірақ біз үшін аңшылық қасиеті маңызды. Аңшылықтан бөлек іздеу жұмыстарына, үй мүлкін қорғауға қолдануға болады, - дейді Nomad ұлттық клубының мүшесі Әділхан Төкенов.

Қарағанды облысы Нұра ауданы Кертінді ауылынан келген ауыл шаруашылығымен айналысатын Төлеген Әбдікешов көрмеге екі тазысын әкелген. Бірінің аты – Жезкиік, екінші тазының аты – Лашын.

2007 жылдан бері тазы ұстаймын. Жылқы бағамын. Шаруашылықтың басында жанымда ұстаймын. Аңға шығамын. Жаз кезінде шырғаға апарамын. Осы біздің тазыны тіркеп, «қазақтың тазысы» деп мойындаса болды. Тазының бірнеше түрі бар: алпауыт тазы, ши тазы, жеңіл тазы. Бұрынғы тазыдан айырмашылығы жоқ. Солардың тұқымын сақтап қалу, көбейту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Екі тазым он бір айлық, үйде үлкен үш тазым бар. Аналығы, аталығы бар. Бәрі аңға шығады. Осы тазыны дамытып, жастарға аманаттасақ дейміз, - дейді қарағандылық Төлеген Әбдікешов.

Павлодарлық Әміржан Қазанғапов көрмеге үш тазысын алып келген. Отыз жылдан аса уақыттан бері тазы ұстайды.

Осы көрмеден кейін тазы саны бір-екі бас көтеріліп қалады деп ойлаймыз. Сол үшін Қазақстанның түпкір-түпкірінен жиналдық. Дауыл есімді тазыны аңға саламыз, бірақ негізгі мақсат ол емес. Мақсат – тазыны көтеру. Тазыға таңертең құрғақ тамақ береміз, кешке ботқа пісіреміз. Қазір көрмеге келген әрбір итті комиссия қарайды, себебі бұл дүниежүзінде әлі мойындалмаған. Халықаралық деңгейде мойындағаннан кейін тазы басы да көбейіп қалады деп сенемін. Содан кейін халықаралық көрмелерге бара береміз, Африкаға шақырса да баруға дайынбыз. Ол үшін мойындалуы керек. Әзірге шетелге шыға алмаймыз, тек республика ішінде жүрміз. Поляктар, немістер қазақтың тазысына патенттеп аламыз деп көз тігіп отыр, - дейді павлодарлық азамат.

Іс-шараның басты мақсаты – Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) Бас комитетінің қазақ тазысын халықаралық деңгейде мойындауы және «Kazakh Tazy» брендін Қазақстанға бекітуі.

Ал қазақы ит тұқымдарын халықаралық деңгейде мойындау үшін FCI міндетті талаптарының бірі – иттерді зерттеу, олардың шыққан еліндегі тұқымның жай-күйі мен даму перспективаларын зерттеу. Комиссия жұмысының қорытындысы негізінде Бас комитет шешімі 2024 жылдың қыркүйегінде Амстердамда белгілі болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама