Halyq Uni логотип
×

Мәжіліс Қостанай және Адай жылқыларын көбейтуді көздейтін заңды қабылдады

Олардың санын көбейту үшін субсидия бөлу қарастырылады

 Дәурен Ерболат 22.05.2024 | 14:10
Мәжіліс Қостанай және Адай жылқыларын көбейтуді көздейтін заңды қабылдады
Фото: JORYQ федерациясы

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Заң жобасы депутаттардың бастамашылығымен әзірленген. Құжат мемлекеттік қолдау көрсету арқылы спорт бағытындағы қазақы жылқы тұқымын қалпына келтіруді көздейді.

Қостанай тұқымы 70 жылға созылған ғылыми зерттеудің нәтижесінде шығарылды. 1969 жылы елімізде 44 мыңнан аса Қостанай жылқысы тіркелген. Бұл барлық асыл тұқымды жылқылардың 9,7%-ы. Бүгінде Қостанай жылқысы тұқымының ресми тіркелген саны 270 бастан аспайды, ал Адай жылқысының саны – 1300 бас, - деді депутат Айдарбек Қожаназаров.

Оның айтуынша, аталған заң жобасы арқылы «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» және «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» заңдарына түзетулер енгізіледі. Түзетулерге сәйкес Қостанай және Адай жылқыларының тұқымын сақтауға және өсімін молайтуға субсидия бөлінеді:

  • Асыл тұқымды орталықтардың шетелдік селекцияның спорттық бағытындағы асыл тұқымды айғырларды сатып алу;
  • Асыл тұқымды аналық мал басымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу;
  • Оларды ұстау бойынша шығындарды өтеу.

«Аталған қолдау тетіктері, отандық спорт бағытындағы жылқы тұқымдарын дамытуға жағдай жасап, бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге алу сынды ұлттық ат спорты түрлерін дамытуға ықпалын тигізеді. Расымен де елімізден Кабирхан секілді мықты жылқылардың үлкен ареналарда топ жаруын қаласақ, осы заңды қолдауларыңызды сұраймын», - деді депутат.

Дауыс беру нәтижесінде депутаттар заң жобасын қабылдады.

Бұған дейін қазақы жылқы тұқымының санын көбейтуге 701 млн теңге бөлінуі мүмкін екені хабарланғанды. Сондай-ақ Мәжілісте қазақ жылқысының жойылып кетпеуін көздейтін заң жобасы қаралды.

Бұған дейін «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы Бауыржан Қасенов Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында соңғы жылдары Қостанай жылқысының басы көбеймегенін, тіпті құлын-тай 1-1,5 млн теңгеден сатылғанын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама