×

Қазақы жылқы тұқымдарының санын көбейтуге 701 млн теңге бөлінуі мүмкін

Депутаттың мәліметінше, қазір Адай және Қостанай тұқымды жылқылардың саны мыңнан аспайды

 Дәурен Ерболат 14.12.2023 | 17:23
Айдарбек Қожаназаров, депутат

Елімізде спорт бағытындағы қазақы жылқы тұқымын көбейтуге жалпы сомасы 701 млн теңге қарастылып отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінде «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.

«Заң 3 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Олар – «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы», «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы, «Агроөнеркәсіп кешенін және ауылдарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заңдар. Құжат спорт бағытындағы жылқы шаруашылығына мемлекеттен қолдау көрсетуді көздейді. Бүгінде тек ет, сүт шығаратын жылқы шаруашылығына қолдау көрсетіліп отыр», - деді депутат Айдарбек Қожаназаров.

Заңда асыл тұқымды қазақ жылқысының санын көбейтуге субсидия қарастырылған.

«Құжатта асыл тұқымды орталықтар мен шетелдік селекциядан спорт бағытындағы асыл тұқымды айғырларды сатып алу,  спорт бағытындағы жылқылардың қазақы тұқымының асыл тұқымды аналық басын көбейту, спорт бағытындағы асыл тұқымды қазақ жылқысын ұстау шығынын субсидиялау шаралары ұсынылған.

Заң жобасын іске асыруға жалпы 701 млн теңге керек. Оның ішінде бес жыл сайын 140,2 млн теңге бөлінеді. Республика бюджет комиссиясының шешімі бойынша бұл ұсыныс қолдау тапты», - ол.

Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, субсидия төлеудің ережесін Ауыл шаруашылығы министрлігі аталғанды заң қабылданғаннан кейін әзірлейді.

Заң жобасы аясында 701 млн теңгені бес жылға бөлу керек деп отырмыз. Кейбір әріптестеріміз бұл қаржы жеткіліксіз деп отыр. Бюджет комиссиясына шығып, мұны қайтадан қарастыруға болады. Қазір біз ұсынып отырған заң салаға оң әсер беретінін, оның нәтижесі болатынын дәлелдеуіміз керек, - деді депутат комитет отырысынан соң.

Депутаттың айтуынша, субсидия Адай және Қостанай тұқымы жылқысын бағатындарға берілуі мүмкін.

Жалпы 701 млн теңгеден жыл сайын 140 млн теңге бөлініп отырады. Себебі, қазір Адай және Қостанай тұқымды жылқылардың саны мыңнан аспайды. Осы мың басқа жыл сайын 140 млн теңге субсидия төлеуді ұсынып отырмыз, - деді Айдарбек Қожаназаров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама