Halyq Uni логотип
×

«Рұқсатсыз салынған»: кәсіпорын басшылығы қаңтарда оққа ұшқан Айкөркемнің муралын өшіртті

 Ая Өміртай 03.06.2022 | 12:10

Алматыда қаңтар кезінде оққа ұшқан кішкентай Айкөркемнің бейнесі салынған мурал тып-типыл етіп өшірілді. Әлеуметтік желідегілер оның өшірілгеніне наразылық білдіріп жатыр, деп хабарлайды Halyq uni тілшісі.

Айта кетсек, Жароков пен Мыңбаев көшелерінің қиылысында орналасқан нысан Алматы қаласы әкімдігінің «Алматы Қала Жарық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына тиесілі.

Аталған кәсіпорынның тарту желілері басқармасының басшысы Дмитрий Хлыбов мурал рұқсатсыз салынғандықтан өшіруге мәжбүр екенін, бұл – компанияның жеке ұстанымы екен жеткізді.

«Әрине, естідім. Біздің жабдығымызға рұқсатсыз сурет салған. Егер өзіңіздің жеке мүлкіңізге рұқсатсыз сурет салса, сіз оған қалай қарайтын едіңіз?

Біріншіден, мурал салынған трансформаторлық қосалқы станциялар өте қауіпті нысан саналады. Сурет салмақ түгілі, жақындауға болмайды. Нысанның ішінде кернеу өте жоғары. Екіншіден, нысан компанияның меншігі.

Біздің рұқсатымызды алмай, қандай да бір жазу жазуға, сурет салуға болмайды. Сондықтан өзіміздің есебімізден бояп отырмыз», - дейді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, нысанның қасында жүруге болмайтындығы турасында қауіпсіздік белгісі орнатылған. Алайда ескі нысанның сыртында ол айтқан қауіпсіздік белгілері байқалмайды.

Муралды салмастан бұрын рұқсат сұраған болса, әңгіме басқа. Әрине, шығармашылықты қолдаймыз, десе де суретті өшіруге мәжбүрміз, - деп қосты Дмитрий Хлыбов.

Осы орайда Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі аталған муралға ведомствоның қатысы жоқтығын, бұл компанияның жеке ұстанымы екенін жеткізді.

Еске сала кетсек, 4 жасар Айкөркем Мелдехан 7 қаңтарда әкесімен бірге дүкенге бара жатқан жолда оққа ұшты. Ол қайтыс болғаннан кейін әкесі Айдос Мелдехан өлең жазған. Оның бір жолы «Қай аға маған оқ атқан?» деп келеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама