×

Отардағы сарбаздың қазасы: күдіктінің отбасы аштық жариялады

Айболат Аманжолов заңды өкіліне ескертпестен Алматыдағы тергеу изоляторына ауыстырылған

 Динара Амантай 03.06.2022 | 12:09
Коллаж: Halyq Uni

Жамбыл облысындағы әскери бөлімде сарбаздың өліміне күдікті ретінде ұсталған Айболат Аманжоловтың отбасы аштық жариялады. Аманжолов ұсталған соң ата-анасы ұлын көре алмаған. Бұл туралы жергілікті АқЖайық басылымы хабарлады.

Айболат Аманжоловты ұстағалы бері ата-анасы оны әлі көре алмаған. Алты баласы бар ата-ана Атырау облыстық қорғаныс департаментінің алдына жиналды. Айтуларынша, ұлын Қордай аудандық полициясы ескертусіз Алматыдағы тергеу изоляторына ауыстырған.

Ұлым Алматыдағы тергеу изоляторына ауыстырылды, бұл туралы ешқайсымызға тіс жарып айтпады. Тіпті ұлымның қорғаушысы да білмейді. Баламыздың өлі немесе тірі екенін қазір білмей отырмыз. Мүмкін оны ол жерде қорқытып отырған шығар. Егер оған заңды өкілдерімен кездесуге рұқсат берілмесе, онда бірдеңе дұрыс емес! – дейді көзіне жас алған сарбаздың анасы Айнұр Төлемісова.

Айнұр Төлемісованың айтуынша, ұлымен бірге әскерге барған балалар ант қабылдап, әскери борышын өтеуге кіріскен. Сарбаздың анасы бұған дейін Айболаттың бұл оқиғаға қатысы жоқ екенін айтқан әріптестері енді айғақтарын өзгертуі мүмкін деп қорқады. 

Аштық жариялаған сарбаздың ата-анасы, зейнеткер әжесі, аға-әпкелері Айболатты Атырауға әкелгенше соңына дейін бөлімнің алдында отыруға ниетті.

Болған қылмыстық іс туралы еш мәлімет жоқ. Менің балам әлі әскери адам емес, сондықтан оны Атыраудағы тергеу изоляторына ауыстыруға болады деп ойлаймын. Біз аштықты ұлымды Атырауға әкелгенде ғана тоқтатамыз, – дейді Айнұр Төлемісова.

Атырау облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Ержан Жұмановтың айтуынша, Айболат Аманжолов әскерге шақырылған кезде барлық медициналық-психологиялық сынақтардан сүрінбей өткен.

Бізден оның жеке ісін сұрады. Қолымызда бар құжаттарды жібердік. Ол медициналық және психологиялық сынақтардан сәтті өтті. Полиция тіркеуінде болмаған. Қазір тергеу жүріп жатыр, – деді Ержан Жұманов.

Белсенді Лунара Мақсұтованың айтуынша, бұл оқиғаға қатысы бар деген үш күдікті бар. Отбасы бұл ақпаратты растағанымен, Ержан Жұманов бұл туралы білмейтінін айтты.

Еске сала кетсек, 22 сәуірде Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Отар ауылында орналасқан әскери бөлімде жұмбақ жағдайда көз жұмған 18 жастағы ақтаулық сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне кінәлі ретінде атыраулық Айболат Аманжолов күдікті деп танылды. Алайда оның анасы мен туыстары тергеудің әділ өтуін талап етіп отыр. Олар қазір тергеушілер бұл іс бойынша нағыз кінәлілерді жасырып, қылмысты ұлының мойнына іліп отыр деп санайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама