×

Қазақстандағы су тасқыны: Сербия жаңадан салынатын үйлердің құрылысына 1 млн еуро бөлді

Қазақстан 2014 жылы алапат су тасқынына байланысты Сербияға гуманитарлық көмек көрсеткен

 Халық үні 10.05.2024 | 17:15
көрнекі фото: Halyq Uni

«Қазақстан халқына» қорының есепшотына Сербия үкіметінен су тасқыннан зардап шеккен аудандарда үй салуға 1 миллион еуро түсті.

Бұл жәрдем екі ел арасындағы ынтымақ деңгейін көрсетеді және шетелдік донорлардың біздің қызметімізге артып келе жатқан сенімі мен көмекті бөлудегі ашықтықты көрсетеді, - деді «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев.

Жалпы, 2024 жылдың 10 мамырдағы жағдай бойынша табиғи апаттан қираған тұрғын үйлерді салуға қордан бөлінген 10 миллиард теңгеден бөлек, қосымша 5,3 миллиард теңге жиналды.

Бұған дейін хабарланғандай, 2024 жылғы 6 мамырда екі елдің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич телефон арқылы сөйлескен болатын. Президенттер екіжақты ынтымақтастықты жандандыру, бұрынғы келісімдерді жүзеге асыру және Қазақстан президентінің Белградқа алдағы сапарын ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Айта кету керек, Қазақстан 2014 жылы алапат су тасқынына байланысты Сербияға шатыр, дәрі-дәрмек пен ең қажетті заттарды жіберіп, гуманитарлық көмек көрсетті.

Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккен үйлердің орнына салынатын бір жаңа үйдің құны 22 млн теңге болуы мүмкін. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.

Одан бөлек, Қанат Шарлапаев су тасқыны салдарынан бүлінген қора-қопсы мен үй ауласын қалпына келтіру бюджет қаржысы есебінен жүргізілмейтінін мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама