Шымкентте қыз алып қашудың соңы немен тынатыны ескертілді

Дастан Жұмабекұлы

Енді әйелдерге қауіп-қатер төндірген азамат 80 АЕК-ке дейінгі айыппұлдан бастап, 12 жылға дейін сотталуы мүмкін

Фото: halyq-uni.kz

Шымкент қаласының полиция департаменті мен прокуратурасысы қыз алып қашуға қатысы бар адамдардың қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті.  

Оtyrar.kz-тің хабаралуынша, биыл Шымкентте қыз алып қашқысы келген азамат 4 жылға сотталған. Ал қалған жайттар сотқа жеткізілмеген. Құқық қорғау мамандары осы мәселеге байланысты отырыс өткізіп, 15 сәуірде қабылданған заң өзгерістеріне байланысты жазаның күшейгенін айтты. Отырыста құзырлы органдардың өкілдері қылмысқа қатысты мәлімет беріп, түсіндірме жұмысын жүргізді.

Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Ержан Мараттың айтуынша, былтыр қалыңдықтың келісімінсіз үйлену мақсатында қызды алып кеткен жағдай болғанмен, олар сотқа жетпеген. Прокуратура қызметкерлері жәбірленуші тараптың кешірім жасап, екіжақты келісімге келуіне байланысты іс қысқарып отырғанын жеткізді. Алайда жаңа заң аясында талап күшейіп отыр.

Алып қашу бойынша іс бұрыннан бері 125 бабпен қаралатын. Бұрында мұндай жағдай көп болатын. Бірақ қылмыстың аяқталуына байланысты сотқа бара бермейтін. Қазір заң аясы күшейді. Соған сай енді жаза да қатаңдайтын болады, – деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, бұрын мамандар құқықбұзушылықты тіркеумен ғана шектелген болса, былтырдан бастап зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін оны анықтауға кірісті. Полицейлер содан бері қалада әйелдерге қатысты заң бұзушылықтың азайғанын айтты.

Әйелдерге қатысты жасалған қылмыстар 32.2 пайыз азайған болса, соның ішінде отбасындағы зорлық-зомбылықпен күресу мақсатында жасалған жұмыстар нәтижесінде қылмыстар 7-ден 4-ке түсті, – деді Шымкент қаласы ПД бастығының бірінші орынбасары Ермахан Абраманов.

Сонымен бірге отырыста түзету енгізілген заң бойынша әйелдерді ұрып-соғу, денсаулығына қасақана зиян келтіретін жағдай үшін қандай жаза қолданылатыны туралы мәлімет берілді.

Атап айтқанда, енді әйелдерге қауіп-қатер тигізген азамат 80 АЕК-ке дейінгі айыппұлдан бастап, 12 жылға дейін бас бостындығынан айырылуы мүмкін.