«Запастағы полковниктер қазір шлагбаум күзетіп жүр». Қазақстанда офицерлер ұйымы құрылды

Ербол Тұрымбет

Жаңа ұйым бұрын әскери қызмет атқарған азаматтарды қоғамға бейімдеумен айналысады

Рүстем Жантенов, neSPI ұйымының негізін қалаушы

Астанада жаңадан құрылған neSPI (Әскерден кейінгі интеграция қызметі) ұйымының тұсаукесер рәсімі өтті. Жаңа ұйым Қарулы күштер сапында қызмет етіп, кейін зейнеткерлікке шыққан немесе қызметтен кеткен әскери тұлғалардың азаматтық қоғамда өз орнын тауып, жаңа өмірге сіңіп кетуіне көмек берумен айналысады. Ұйым түрлі бағдарламаларды оқытып, жұмысқа орналастыру, психологиялық, құқықтық тұрғыдан қолдау көрсетіп отырмақ.

Себебі, осы ұйымның негізін қалаушы Рүстем Жантеновтің айтуынша, бұрынғы әскери қызметте болған адамның кейін азаматтық қоғамға араласып кетуі қиын. Ол өзі де көп жыл әскери қызмет атқарып, полковник шеніне жеткен. Қазір запастағы полковник өзі де осындай жағдайға тап болған.

Тіпті, маған бұрынғы бастықтарым – полковниктер келді. Кезінде қол бастап, үлкен қызметте жүрген адамдар кейін таксист болып, есік күзетіп қалған. Елестетіп көріңізші, 30 жылдық еңбек өтілі бар полковник шлагбаум күзетіп жүр. Неге мұндай күйге түсіп қалғанын сұрасам, қызметтен кеткен соң өз ортасын таппаған, қабілеті мен тәжірибесі қазіргі ортасына қажет болмай шыққан.

Бұл олардың деңгейіне сай емес, өйткені олар одан да зор жауапкершілік арқалап дағдыланған адамдар. Өкінішке қарай, елімізде осы сәттер жетілдірілмеген. Енді біз мемлекетпен сондай интеграцияны дайындап жатырмыз. Мемлекет те сөзімізге құлақ асып, бізді таңдауға дайын екендігін білдірді, - дейді Рүстем Ерболатұлы.

Негізі Қорғаныс министрінің «Қарулы Күштерден шығарылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды бекіту туралы» 2022 жылғы бұйрығы бар. Оның үстіне, бұл мәселе «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңда да қарастырылған. Алайда ұйым мүшелерінің айтуынша, бұл заң тармақтары жеткіліксіз, біршама кемшін тұсы бар.

Ұйым мәліметіне қарағанда, соңғы 4 жылда Қарулы күштер сапынан 17 мың әскери қызметкер босатылған. Рүстем Жантеновтің пайымдауынша, қызметтен кейін офицерлердің тек 10 пайызы ғана азаматтық қоғамда өз орнын тауып, қалыпты тіршілігін жалғастырып кетеді.