Астанада неміс қызы балаларға асық үйретіп жүр

Дастан Жұмабекұлы

Қазақстан секілді тамаша елде тұрып жатқаныма өзімді бақытты санаймын, - дейді Олеся Пфафенгут

Фото: Асық ату федерациясы

Астанада қазақтың ұлттық ойыны – асық ату мен бес асықпен айналысып жүрген өзге ұлт өкілдері көптеп саналады.

Асық ату федерациясының хабарлауынша, ұлттық ойындарымызбен айналысып, жүлдегерлер қатарынан табылып жүрген өзге ұлт өкілдері еліміздің жер-жерінде де баршылық. Соның ішінде асық ату ойынымен шұғылданатын өзге ұлт өкілдері Қостанай облысында өте көп. Олардың арасында Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін күміс жүлдегерлері Милана Ярмоленко, Екатерина Тесленко, Анастасия Трофимова сияқты орыс қыздарын, Виолетта Мельниченко, Варвара Чумак, Василиса Лихопий сияқты украин қыздарын, Райхан Мустафина деген башқұрт қызын, екі мәрте Қазақстан чемпионы Анжела Поливцева деген орыс қызын және басқаларын атап өтуге болады. Бұлардан бөлек Қостанай облысының намысын қорғап жүрген беларусь, өзбек, орыс ұлтының өкілдері жеткілікті.

Жақында Асық ату федерациясы Астана қаласындағы «Алақай» балабақшасының тәрбиешісі, неміс қызы Олеся Пфафенгуттың да 13 жасынан бері бес асық ойнап, көптеген жетістіктерді бағындырып үлгіргенін хабарлады.

Олеся Пфафенгут Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Мәншүк ауылында туып-өскен. Мектеп қабырғасында жүргенде 13 жасынан бастап бесасықпен айналыса бастаған. Алғашқы бапкері –  Дүйсенбай Қожамжар. Оған ойын алғаш көргенде бірден ұнаған. Қазір ол болашағын асықсыз елестете алмаймын, дейді.

Бес асықпен айналысып жүргеннен бері біраз жетістікке жеттім. Оның ішінде бірнеше рет Ақмола облысының чемпионы және жүлдегері атандым. Астана қаласының ашық чемпионаты мен «Құлагер» Спартакиадасында қола жүлде алсам, «Астана алтын сақасы» турнирінде күміс жүлдені иелендім. Бес асықтан спорт шеберлігіне үміткермін.

Менің мақсатым – бес асықтан Қазақстан чемпионы атанып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғау.

Өзім қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетіне оң көзқараспен қараймын.  Менің асық ату спортына келуімнің өзі де қазақ халқына деген құрметтен туған. Қазақстан секілді тамаша елде тұрып жатқаныма өзімді бақытты санаймын. Бүгінгі Қазақстан халықтарының бірлігі күні құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, – деді ол.

Бүгінде Олеся Пфафенгут Астана қаласына қоныс аударып, осы жердегі «Алақай» балабақшасында қызмет етеді. Асықтан өтетін жарыстарға үнемі қатысады. Балабақша бүлдіршіндеріне де бар білгенімді үйретіп жүр екен.