×

Жамбыл облысында көпұлтты Оспановтар отбасы ауласына жеміс ағаштарын отырғызды

Өңірде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп жатыр

 Динара Амантай 29.04.2024 | 15:16
Фото: Жамбыл обл. әкімдігінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп жатыр.

Акцияны қолдау мақсатында Жамбыл ауданында бірқатар іс-шаралар өтуде. Осы орайда бүгін «Жанашыр жан» қоғамдық қорының директоры Марат Оспановтың көпұлтты отбасы шаңырағында (барлығы 15 баласы бар, оның 4-еуі – грек, 2-еуі –неміс, 5-еуі – орыс) ауласын абаттандыру және жеміс талдарын отырғызу шарасы өтті.

Айта кету керек, Марат Оспанов биыл «Қайырымдылық керуені» VI республикалық конкурсының «Туған жер» номинациясы бойынша қоғамдық мәселелерді шешуде ерен еңбегі үшін Құрмет грамотасымен марапатталған. Көпұлтты балаларды бауырына басып отырған отбасы көпке үлгі көрсетіп жүр. 

Бүгін ерекше қуаныштымын. Мен бауырыма қанша бала бассам, шаңырағыма сонша береке кіретінінің бүгін тағы куәсі болдым. Бүгін ауламызға отырғызылған жеміс талдар жайқалып өсе берсін. Талдың да, тағдырымыздың да берер жемісі көп болсын, - деді Марат Оспанов.

Айта кетерлігі, акция басталғалы Жамбыл ауданының тұрғындары белсенділік танытып келеді. Дәл осындай шаралар ауданға қарасты 17 ауылдық округтегі 42 елді мекенде жалғасын тапты. Акцияға ауыл тұрғындары да бірауыздан қолдау танытып келеді.

 «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Жасыл белдеу» өңірлік жоспарына сәйкес, биыл 17 гектар жер учаскесіне 20 мың түп ағаш көшеттері отырғызылды. Оның ішінде 14 100 түп қарағаш, 4 700 түп терек, 500 түп ясень (ерен) талы, 200 түп туя көшеті егілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама