«Ордабасы» футбол клубына қомақты айыппұл салынды
Команда 120 және 100 АЕК айыппұлды 11 мамырға дейін төлеуге тиіс
Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубына қомақты айыппұл салынды.
Командаға Алматының «Қайрат» клубымен матчында (1:2) жергілікті жанкүйерлердің төрешіге балағат сөз айтқаны үшін 120 АЕК пен техникалық аймақта (қосалқы төреші орнында) матчқа қатысы жоқ адамның болуына байланысты 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатыны туралы шешім шықты.
Осы екі айыппұл 812 240 теңге болып отыр. Оны «Ордабасы» 11 мамырға дейін төлеуге тиіс.
Жалпы, Премьер-лига мен Қазақстан кубогы үшін матчтарда «Ордабасы» футбол клубына қатысты алғаш рет келеңсіз жағдай болып жатқан жоқ. Бұған дейін Қазақстан жанкүйерлері Түркияның Анталия қаласында алғаш рет өткен Қазақстан суперкубогының финалы кезінде төбелес шығарған болатын.
Матчта Шымкенттің «Ордабасы» мен Қостанайдың «Тобыл» клубы кездескен. Осы ойын кезінде қос клубтың жанкүйерлері отыратын жер бөлінбеген соң, екінші таймның ортасында дау-жанжал шығып, оның соңы төбелеске ұласқан.
Қазақстан жанкүйерлері командаларының жалған намысы үшін бір-біріне орындық лақтырып, бірін-бірі балағаттаған.
Қазір «Ордабасы» Премьер-лиганың турнир кестесінде 7 ұпаймен үшінші орында келеді. Бірінші және екінші орындарды Алматының «Қайрат» клубы мен Петропавлдың «Қызылжар» командасы иеленіп отыр.