Бишімбаев Нүкенова қайтыс болған күнге қатысты жауабын өзгертті
Астанада экс-министрге қатысты сот процесі өтіп жатыр
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың бұған дейін сотта жалған куәлік бергені белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
15 сәуірдегі сот отырысында Бишімбаевтың адвокаты Назкен Құсайынова сотталушы Бақытжан Байжановтан Салтанат Нүкеноваға арнап әкелген мүсәтір (нашатырь) туралы сұрады. Байжанов оны Бишімбаевқа бергенін, одан кейін көрмегенін айтты.
«Мүсәтір алып келген кезде оны Салтанаттың мұрнына апарғаныма қарап тұрды. Салтанаттың ештеңе сезбегенін көріп, жедел жәрдем шақыруды ұсынды. Сол уақытта мен көріпкелге хабарластым», - деді Бишімбаев Байжанов туралы.
Судья Айжан Құлбаева «сотта берген жауабыңызда «мүсәтірді алып келген кезде бірінші өзіңіздің иіскегеніңізді, содан кейін жәбірленушіге (Салтанат Нүкенова – ред.) апарғаныңызды» айттыңыз. Сол кезде жалған сөйледіңіз бе?», деп сұрады.
«Ол маған мүсәтір мен дәке берді. Мүсәтір ыдысын ұстап тұрды», деді Бишімбаев.
«Өткен жолы осының бәрін өзіңіз істегеніңізді айттыңыз. Осы жағдайға байланысты жалған куәлік бердіңіз бе?», деді судья.
«Байжановтың VIP залда болғаны, мүсәтірді ұстап тұрғаны туралы деректі басқаша жеткіздім. Байжановтың маған жасап жатқан қысымына қатысты солай болды», - дейді Бишімбаев.
«Демек, жалған куәлік бергенсіз», деді судья Құлбаева.
Айта кетейік, 11 сәуірде айыпталушы Бақытжан Байжанов сотта тараптардың сұрағына жауап берді. Ол сот барысында өзінің туысы Қуандық Бишімбаев тарапынан қысым көріп жатқанын жеткізді.
Бишімбаев маған «жедел жәрдемге бірге хабарластық деп айт» деді. «Айтпасаң сенің басыңа, баларыңның басына келсін деп қарғаймын» деді, - деп жеткізді Байжанов сотта.
Ол мұның сот залында емес, сот ғимаратына жеткізілген кезде айтқанын нақтылады.
«Осыдан басқа Бишімбаев сізге басқа не айтты?», деп сұрады судья Құлбаева.
Тергеу изоляторында анда-санда кездесіп жүрдік. Сол кезде «мен нашатырь беріп жатқанда қарап тұрдым деп айт» деді. Ал мен ол кезде сыртта қалған едім, - дейді Байжанов.
Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды.