Астана сотында Бишімбаев пен Байжановқа қатысты іс қаралып жатыр
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов судья Айжан Құлбаеваға тағы да қарсылық білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Айта кетейік, Астана сотында Бишімбаевт пен оның інісі Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр.
15 сәуірде адвокат Ғазымжанов «Мен төрағалық етушіге тағы да қарсылық білдіремін. Қорғау тарапы өтінішхат жолдайтын кезде процесті бөліп, сотталушыдан жауап алуға көшіп жатырсыз. Оған қарсылық білдіремін, біздің құқығымызды шектеп жатырсыз», деді.
Қорғау тарапының қарсылығын сот негізсіз деп санайды. Соған байланысты қабылданбайды. Өткен сот отырысында сотталушы Байжанов жауап берді, тараптардың оған сұрақтары бар. Жауап алу аяқталған жоқ. Қорғау тарапына Байжановтан жауап алу аяқталған соң өтінішхат жолдауға құқылы екені түсіндірілді. Алайда соған қарамастан қорғау тарапы негізсіз қарсылық білдіріп, алқабилерді шатастыруға тырысып жатыр, - деді судья Құлбаева.
Айта кетейік, 11 сәуірде Астана сотында Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов судья Айжан Құлбаеваны ауыстыруды сұрады. Алайда қорғау тарапының бұл өтініші қабылданбады.
Заңға сәйкес, судьяға қарсылық бiлдiру қылмыстық процестің кез келген сатысында судьяның іске қатысуын болғызбайтын мән-жайлар туралы белгілі болғанда мәлімделуге тиіс.
Судьяға қарсылық бiлдiру, сондай-ақ қарсылық бiлдiрiлуге жататын сот талқылауына қатысушылар туралы мәселенi сот кеңесу бөлмесiнде қаулы шығару арқылы шешедi, – делінген заңда.
2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды. Іс туралы мына жерден оқуға болады.