×

Шарасыз ТЖМ және дабыл қақпаған Экология министрлігі. Сарапшылар су тасқынының экологиялық зардабы жайлы

Сарапшылар су тасқынының зардабы экологиялық апатқа ұласуы мүмкін екенін айтады

 Ая Өміртай 12.04.2024 | 12:02
коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда алапат су тасқыны салдарынан 60-тан астам елді мекен байланыссыз қалып, апат аймақтарынан 98 мыңға жуық қазақстандық эвакуацияланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұны Қазақстандағы соңғы 80 жылдағы ең үлкен апат деп атады.

Қазір су тасқыны салдарын жою, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралар мен авариялық-құтқару жұмыстары, еріген қар суын бұру сынды эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр.

Соңғы дерекке сүйенсек, 8,1 мың бас мал суға кеткен. Қазір республикалық эпизоотияға қарсы отряд малдың өлексесін жоюмен айналысып жатыр. Әлеуеметтік желілерде Құлсары қаласының сыртындағы зираттар да толығымен су астында қалған видео материалдар жариялана бастады.

Сарапшылардың айтуынша, су тасқыны су ресурстарын зиянды химиялық заттармен ластауы мүмкін. Сонымен қатар өзен-көлдер және теңіз жағалауларын қоса алғанда экожүйеге теріс әсер етуі мүмкін екендігін алға тартып отыр.

ҚОРЫМДАРДЫ СУ ШАЙЫП КЕТКЕН

Батыс Қазақстан облысында сібір жарасына шалдыққан жануарлар көмілген жерлер тасқын су астында қалып, 14 қорым ашылып қалған. БҚО санэпидемиологтары сібір жарасы көмілген жерден топырақ сынамаларын алды. Мамандардың айтуынша, сібір жарасының қоздырғышы бар-жоғы бір аптадан кейін белгілі болады. Қазірдің өзінде санэпидемиологтар Казталов ауданының екі ауылындағы ауыл тұрғындарына су басқан құбырлардан су ішуге тыйым салды. Өйткені судың микробиологиялық көрсеткіші бойынша нормативке сәйкес еместігі анықталғандықтан, Казталовка және Әжібай ауылдарына су қазір автоцистерналармен жеткізіліп жатыр. Жауапты ведомство бұл аймақтардағы эпизоотиялық жағдай тұрақты деп сендіріп отыр.

БҚО бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Батыс су арнасы» ЖШС-ға және облыс бойынша барлық су беруші кәсіпорындарға халықтың ішек инфекцияларымен ауруларын алдын алу мақсатында ауыз суды хлорлау нормативін 1 мг/литрге дейін (әдеттегі 0,5-0,7 мг/л кезінде) дезинфекциялау үшін ұлғайтуды ұсынғанын хабарлады .

Жалпы облыста ішек инфекциясы бойынша жағдай тұрақты деп сипатталады. Еріген су мен өзендер басқан аудандарда – Казталов, Сырым, Бөрлі, Теректі – және Орал қаласында халықты ішек инфекцияларымен жұқтыру жағдайлары тіркелген жоқ. Жалпы облыстың 5 ауданында 20 елді мекен су астында қалды. Казталов ауданында, Казталовка және Әжібай ауылдарында құрылыстарды су басты. Сонымен қатар, су екі зиратқа – Теректі және Қаратөбе аудандарына кіріп, Қаратөбе ауданындағы қоқыс үйіндісін, сондай-ақ Қаратөбе, Теректі және Сырым аудандарындағы 5 мал қорымын, Сырым ауданындағы 3 сібір жарасы қорымын су басты. Осы нысандардың барлығын біз бақылауға алдық, санэпидемиологтар жерасты сумен жабдықтау көздерінен ауыз судың сапасына тұрақты бақылау жүргізуде, - деді Мұхамғали Арыспаев.

«ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫНА САБОТАЖ ЖАСАП ОТЫР»

«Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай Үкімет су тасқынан келетін басты сын-қатерлерді жан-жақты зерттей отырып, карантин шараларын қолға алу керектігін алға тартты.

«Су тасқыны салдары қоршаған ортаға кері әсер береді. Оның ішінде адам денсаулығына. Өйткені көптеген қалдық су бетіне шықты. Өсімдік болсын, жануар болсын, барлығына әсер береді. Арнайы зерттеу ісіне мемлекет мән беруі қажет. Бізде билік адамдар ауруға шалдығып, түрлі қиыншылыққа ұшырай бастағанда ғана айналыса бастайды. Халық арасында айтылып жатқан сөз дұрыс. Су тасқыны болған кезде Үкіметтің қауқарсыздығын көрдік. Қаңтар, ақпан айларында сарапшылар да, біздің «Байтақ» партиясы да тасқынның алдын алу бойынша хат жазып, жолдадық. Мәжілістегі депутаттар да, Үкіметтегі министрлер де көңіл бөлмеді», - дейді ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.

Оның айтуынша, қалдықтарды түгендеу туралы есеп пен қауіпті қалдықтардың паспорты мемлекетке тиесілі. Ол қалдықтардың қоршаған ортаға, адам денсаулығына және адамдардың мүлкіне зиянды әсер ету қаупі тез арада зерттелуі қажет деген пікірде.

«Түрлі зиянды қалдықтардың жерге сіңіп кету қаупі бар. Оның әсері міндетті түрде болады. Атырау өңірінде қаншама мұнай қалдықтары бар. Оның барлығы суға араласып кетті. Құпиясы бар, құпия емесі бар – барлығы суға араласып кетті. Ол ақпараттың барлығы мемлекетке тиесілі. Соның барлығын жинақтап, карантин шараларын қолға алуы қажет. Өйткені белгілі бір жұқпалы аурулар тарау мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз. Жан-жақты шешімді қажет етеді. Тағы да айтамын, бұл – Үкіметтің қателігі. «Қазгидромет» мекемесі ауарайы болжамын, қардың жаууы,  еруіне қатысты ақпараттың барлығын біліп отыр. Бұл ақпаратты алған Экология министрлігі Үкіметте дабыл қағуы керек еді. Осы әрекеттің біреуі істелген жоқ. Сол себепті қазір су көп нәрсені шайып кетті», - дейді Азаматхан Әміртай.

Оның сөзінше, «Байтақ» жасылдар партиясының ғылыми-сараптамалдық кеңесі су тасқынына және оның салдарын тиімді реттеу мәселелерін талқылап, арнайы дөңгелек үстел өткізген. Партия төрағасы төтенше жағдайға кінәлі тараптар жауапқа тартылуы қажет деп санайды.

«Бұл мәселені Президент бақылауында ұстап отыр. Біздің партия төтенше жағдайларға қатысы бар, кінәлі шенеуніктердің барлығы жауапқа тартылуы керек деген ұстанымда. Су тасқыны – халыққа деген қауіпсіздіктің жоғын көрсетті. Президенттің айтқан тапсырмаларын іске асырмады деген сөз. Әкімдер шығып кетпеуге тиіс. Бұл жағдайдан кейін сол әкімдер отыратын болса, тағы қайталануы мүмкін. Жағдайды біліп отырды. Әкімдер де, министрлер де. Бірақ түк істеген жоқ, дабыл қаққан жоқ. Өйткені олар өзінің жеке мүддесін қанағаттандырып отырғандықтан, тыныш отыру оларға тиімді. Сондықтан осындай әрекетімен Президенттің тапсырмасына саботаж жасап отыр. Бұл – шындық», - дейді ол.

ТЖМ ҚҰЗЫРЕТІН АРТТЫРУ ҚАЖЕТ

Мемлекет аралық су шаруашылығын үйлестіру комиссияссы ғылым-ақпараттық орталығы қазақ филиалының сарапшысы Құралай Яхияева су тасқынының себебін күннің кенет жылынуымен түсіндірді. Ол күн райының өзгеруінен басқа, бұған каналдар мен суару арықтары тазартылмайтындығы, қалалар мен елді мекендердің бас жоспарын жасағанда аумақтың рельефі ескерілмейтіндігі де әсер етіп отырғандығын атады.

Су қоры мен құрылыстарының жерлері жергілікті округтер – әкімдіктердің балансына берілді. Мұндай жағдай қайталанбау үшін барлық құрылымдар мен жерді су шаруашылығына қайтарып, облыстық және аудандық ауқымдағы су шаруашылығы ұйымдарын материалдық-техникалық базасымен және лайықты еңбекақысы мен жағдайы бар кадрлармен нығайту қажет, - дейді Яхияева.

Сарапшы мұндай ауқымды апаттың алдын алу үшін Су кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, осы нормаларды сақтау қажет екендігін алға тартады.

Заңнамаға өзгеріс енгізу қажеттігі туралы пікірді эколог Мэлс Елеусізов те мақұлдайды. Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында сарапшы апаттардың алдын алу бойынша Төтенше жағдайлар министрлігінің құзыретін арттыру қажеттігін айтады.

«Ең алдымен Төтенше жағдайлар министрлігінің құзыретін арттыру қажет. Үнемі апат басталған соң ғана жұмысқа кіріседі. Су тасқыны кезінде ештеңе істей алған жоқ. Басқа да мәселелер жеткілікті. ТЖМ апат болған соң емес, алдын ала біліп, шешім қабылдай алатын мекеме болуы керек. Үкіметке қазір Қанат Бозымбаевты қайта әкелді ғой. Оны бұрыннан танимын, түсінігі бар. Көп министрлер істің жайын түсіне бермейді. Мекемелерді жұмылдыратын ортақ жүйе жоқ», - деген эколог су тасқынына мемлекеттік мекемелер арасында біріздендірілген байланыстың жоқтығы да себеп болғанын атады.

Сарапшы тұщы судың потенциалды көзін жоғалту, судың сапасының нашарлауы мүмкін болғандықтан, кей сақтық шараларын сақтау қажет екендігін айтады.

Кейбір жұқпалы аурулардың қоздырушысы тірі болады. Мүрде көмілген тұстарды да шайып кеткендігі айтылып жатыр. Ең бірінші зерттелуі қажет, мүмкіндігіне қарай тез арада залалсыздандыру жұмыстары қолға алынғаны жақсы. Ауыз су сапасының күрт нашарлауы да мүмкін. Сондықтан суды тек қайнатып қолданған дұрыс. Ыстықта микробтар өледі, - дейді Мэлс Елеусізов.

ТӨРТ ТЕРГЕУ БАСТАЛДЫ

Үкімет басшысы Олжас Бектенов 29 наурызда өңірлердегі су тасқынына байланысты ТЖМ-мен өткізген жиналыс барысында тасқынға кінәлі лауазымды тұлғалар тексерілетіндігін айтқан.

«Бұл – соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны. Қазір бастысы – адам өмірін сақтап қалу және апат зардабын азайту. Кейін жекелеген лауазымды тұлғалардың өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарауының ықтимал фактілерін анықтау мақсатында егжей-тегжейлі тексеру жүргізілетін болады. Мен бұл мәселені Бас прокурормен талқыладым. Бүгінде барлық күш су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылды. Бірқатар өңірде ТЖ режимі жарияланды. Менің бірінші орынбасарым Роман Васильевич Скляр ең қатты зардап шеккен өңірлерде жүр», - деді Олжас Бектенов.

Белгілі болғандай, Бас прокуратура Ақтөбе, Алматы және Атырау облыстарында төрт сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Ең күрделі жағдай Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай және Атырау облыстарында қалыптасқан.

«Прокуратура органдары нақты елді мекендерді су басу, жолдардың, көпірлердің, гидротехникалық және басқа да объектілердің қирау себептерін белгілейді.  Атап айтқанда, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы, су тасқынының алдын алу жөніндегі жоспарлардың уақтылығы мен толықтығы зерттелуде.  Қорытындысы бойынша әрбір уәкілетті органның қызметіне тиісті құқықтық баға берілетін болады. Бүгінгі таңда прокурорлар Ақтөбе, Алматы және Атырау облыстарында сотқа дейінгі 4 тергеп-тексеруді бастады», – деп хабарлайды құзырлы орган.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама