Әкімдік ақылы автотұрақтың да тарифін көтеруі мүмкін
Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин ақылы автотұрақтан жергілікті бюджетке 4 млрд 228 млн теңге түскенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
2016 жылы елордада ақылы автотұрақ жобасы іске қосылды. Сол кезде олардың жалпы саны 486 болса, бүгінде 7 мыңнан асқан.
Қазір Астанада 7200 ақылы автотұрақ бар. Қаладағы ақылы автотұрақтың санын 15-20 мыңға жеткізу жоспарда бар. 2025 жылы ақылы автотұрақтың санын 10 мыңға жеткізгеннен кейін компанияға («Парковочное пространство Астаны» ЖШС, ол ақылы тұрақтарға қызмет көрсетеді) қарды тазартасыңдар, жолға асфальт төсейсіңдер, жол белгісін өздерің қоясыңдар деп талап қойғалы жатырмыз. Бұл жұмысты жүргізу үшін ақылы автотұрақтың тарифін көтеру керек», - деді Асхат Қарағойшин әкімдікте өткен қоғамдық кеңесте.
Қазір ақылы автотұрақтың тарифі – сағатына 100 теңге.
Астана қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Бақытжан Тұрлыбеков ақылы автотұрақтан бюджетке қанша теңге түскенін сұрады.
Сіз қалада 7200 ақылы автотұрақ бар деп айттыңыз. Әрбір көліктен сағатына 100 теңге алынады, демек бір сағатта 720 мың теңге түседі. 5 сағаттан алсақ, айына 100 млн теңгеден аса қаржы түседі. Асхат Жиенбайұлы, ақылы автотұрақтардың саны 10 мың болмаса, шығын өзін жаппайды дедіңіз. Ақылы автотұрақтан қанша ақша түсті? Қаржы қайда жұмсалады? Айыппұлдан түскен қаржының қанша пайызы компанияда («Парковочное пространство Астаны») қалады, қанша пайызы мемлекетке түседі?, - деді ол.
Асхат Қарағойшин жергілікті бюджетке қомақты ақша түскенін ашық айтты.
Ақылы автотұрақтардан 4 млрд 228 млн теңге жергілікті бюджетке түсті. Оның 474 млн теңгесін аталған компания алды, - деді басқарма басшысы.
Оның жауабын «Парковочное пространство Астаны» ЖШС директоры Шыңғыс Досыбаев толықтырды.
«Ақылы автотұрақтардан түскен жиынтық табыстың 90 пайызы жергілікті бюджетке, 10 пайызы яғни 470 млн теңгесі компанияға түсті. Біз инвестициялық операциялық шығынның бәрін өзіміз көтереміз. Сіз айыппұлдан қанша ақша түсті деп сұрадыңыз. Бұл қаржы бізге түспейді. Ол жергілікті бюджетке түседі», - деді директор.
Бақытжан Тұрлыбеков «Демек сіздер жиынтық табыстан түскен 10 пайыздан бүкіл шығынды жабасыздар ғой? Ақылы тұрақтағы қарды тазалау, асфальт төсеу, жол белгілерін қою және тағы басқа шығындарға қатысты» деп сұрағын нақтылады.
Басқарма басшысы бұл жұмыс келесі жылдан басталуы мүмкін екенін жеткізді. Бірақ ол үшін ақылы автотұрақтың тарифін көтеру керек.
Иә, бұл мәселені 2025 жылы күн тәртібіне шығарамыз. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін ақылы тұрақтың тарифін көтеру керек. Оған қазіргі тарифтегі 100 теңге жетпейді. Мәселені қарастырамыз, - деді Асхат Қарағойшин.
Жиынның соңында Астана қаласы қоғамдық кеңесінің мүшелері қаладағы ақылы автотұрақтардың көбеюін, тарифтің көтерілуін қолдап дауыс берсе, Ирак Елекеев, Бақытжан Тұрлыбеков, Есберген Алауханов, Аяжан Өтеуова қарсы дауыс берді. Бірақ көпшіліктің даусымен шешім қабылданды.
Бұған дейін елордада жолақысын көтеру ұсынылғаны хабарланған.