Halyq Uni логотип
×

Олар өз өмірін тәуекелге тіккен – ТЖМ Аягөз ауданында суға кеткен тұрғындар туралы

Журналист вице-министрдің сөзіне қарсы дәйек келтірді

 Дәурен Ерболат 02.04.2024 | 14:20
Олар өз өмірін тәуекелге тіккен – ТЖМ Аягөз ауданында суға кеткен тұрғындар туралы
фото: Halyq Uni

Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов Абай облысының Аягөз ауданына қарасты Қарағаш ауылы іргесіндегі Борлы өзенінде 26 наурызда су ағызып әкеткен 2 адамға қатысты түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкіметтің баспасөз орталығында министрдің орынбасары елімізде болған су тасқынынан адам өлімі тіркелмегенін жеткізді.

Бүгінде бірде-бір адам су тасқынынан қаза тапқан жоқ. Бұл Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің дайындығын көрсетіп, уақытында жұмыс істеуіміздің нәтижесі деп айтуға болады, - деді Бауыржан Сыздықов.

Журналист вице-министрдің сөзіне қарсы дәйек келтірді.

«Сіз су тасқынынан ешкім қазаға ұшырамағанын айттыңыз. Алайда Аягөз ауданының Қаратал ауылында трактордың үстінде 10 сағат отырып, 2 адам суға ағып кеткен. Қазір олардың денесі табылмай жатыр. Төтенше жағдайлар қызметкерлері оларға неге 10 сағат бойы бара алмады?» - деді ол. Оған жауап ретінде вице-министр өзенге ағып кеткен тұрғындар өз өмірін тәуекелге тіккенін айтты.

Трактордағы 2 адамның жоғалуына тоқталайын. Бұл жағдай су тасқынына байланысты емес. Біз оны дұрыс түсінуіміз керек. Олар жолды қысқарту үшін тасып жатқан өзенге өздері кірген. Түсінесіз ғой? Олар судың ортасында қалмаған. Тракторға отырып, жолды қысқартамыз деп суға кірген. Біз неге бара алмадық? Олардың 10 сағат бойы бізді күткені туралы ақпаратты тексерейік, - деді Бауыржан Сыздықов.

Айта кетейік, бұған дейін 26 наурызда «Азаттық» Абай облысының Аягөз ауданындағы Қарағаш ауылы іргесіндегі Борлы өзенінде тракторда отырған 2 адамды су ағызып әкеткенін хабарлаған болатын. Сондай-ақ ТЖМ 3 адамды іздеп жатқаны туралы ақпарат жариялады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама