«Алқабилер құрамы іріктеледі»: Бишімбаев соты 27 наурызда басталады
Басты сот талқылауының алғашқы отырысы жабық форматта өтеді
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы 27 наурызда басталады. Соттың алқабилердің қатысуымен өтетіні белгілі.
Астана сотының баспасөз қызметі 27 наурызда алқабилер құрамы іріктелетінін хабарлады. Бұл процесс жабық режимде өтеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Заңгер Әйгерім Құсайынқызы Бишімбаевтың алқабилер сотына жүгінуін «ақталуға деген ұмтылыс» деп санайды. Сарапшының айтуынша, қолданыстағы тәжірибеде алқабилер сотында қаралған істердің ақталу ықтималдығы бес есе жоғары.
Қазақстан Республикасының 75-бабының 2-тармағына сәйкес заңда көзделген жағдайда қылмыстық процесс алқа билердің қатысуымен өтеді. Яғни, алқабилер сотына жүгіну кез келген Қазақстан азаматының конституциялық құқығы. Бишімбаев мырза конституциялық құқығына сілтеме жасау арқылы аталған іске жариялылық сипат бергісі келген тәрізді. Бірінші күні-ақ ол өзіне тағылған кінәні мойындамағандықтан, «менің кінәсіз екендігімді бүкіл халық көрсін» деп айтқысы келген тәрізді. Сонымен қатар ақталуға деген ұмтылыс деп ойлаймын. Себебі Қазақстандағы алқабилер сотының ақтау көрсеткіші 10 пайыз. Ал жалпы соттарда бұл көрсеткіш 1,5-2 пайыз. Яғни, алқабилер сотында қаралған істің ақталу ықтималдығы 5 есе жоғары деген сөз. Заң оған мүмкіндік беріп отыр, – дейді заңгер.
Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:
99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру);
110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (қинау).
Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:
432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);
434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).
Айта кетейік, 2024 жылдың 11-12 наурызында Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті.
Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанованың айтуынша, Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев 2022 жылдың тамызында танысқан. Ал тойы сол жылдың желтоқсанында өткен. Алайда Бишімбаев пен Нүкенова заңды некеде тұрмаған. Қарым-қатынас барысында Бишімбаев Нүкеноваға туыстары, құрбыларымен кездесуге, жұмыс істеуге рұқсат бермеген және үнемі қызғанған. Соған байланысты үнемі физикалық күш қолданған.
Қайғылы оқиға болған күні Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев Астанада өткен концертке барған. Алайда концерт аяқталмастан, ол жерден шығып, Bau мейрамханасына барады. Сол жерде Нүкенова қарым-қатынасты тоқтатқысы келетінін айтқан. Олар бастапқыда мейрамханадан шыққысы келген, алайда Бишімбаев рұқсат бермеген. Мейрамхананың VIP залында екеуінің арасына туған жанжал жалғасқан. Бишімбаев жанжал барысында өзінің ақшасына сатып алынған заттар туралы айтқан. Содан кейін Нүкенова ішкиім және әшекейден басқасын шешіп тастаған. Оның бұл әрекеті Бишімбаевтың ашуына тиген. Тергеу мәліметіне сәйкес, содан кейін Бишімбаев әйелді жұдырықпен ұрған.
Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды.