×

«Алқабилер сотында ақталу ықтималдығы жоғары». Бишімбаев ісіне қатысты тәуелсіз сарапшылар не дейді?

Экс-министрге қатысты басты сот талқылауы 27 наурызда өтеді

 Ая Өміртай 23.03.2024 | 14:04
фото: Halyq Uni / Жансерік Күзембай

11 наурызда Астанада бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі өтті. Істі қарап жатқан судья Бишімбаевтың «істі алқабилер соты қараса» деген өтінішін қанағаттандырды.

Halyq Uni тілшісіне пікір берген сарапшылар Бишімбаевтың алқабилер сотына не үшін жүгініп отырғанын және қылмыстық сот iсiн жүргiзуге алқабилердiң қалай таңдалатынын айтып берді.

«АҚТАЛУҒА ДЕГЕН ҰМТЫЛЫС»

Заңгер Әйгерім Құсайынқызы Бишімбаевтың алқабилер сотына жүгінуін «ақталуға деген ұмтылыс» деп санайды. Сарапшының айтуынша, қолданыстағы тәжірибеде алқабилер сотында қаралған істердің ақталу ықтималдығы бес есе жоғары.

«Қазақстан Республикасының 75-бабының 2-тармағына сәйкес заңда көзделген жағдайда қылмыстық процесс алқа билердің қатысуымен өтеді. Яғни, алқабилер сотына жүгіну кез келген Қазақстан азаматының конституциялық құқығы. Бишімбаев мырза конституциялық құқығына сілтеме жасау арқылы аталған іске жариялылық сипат бергісі келген тәрізді. Бірінші күні-ақ ол өзіне тағылған кінәні мойындамағандықтан, «менің кінәсіз екендігімді бүкіл халық көрсін» деп айтқысы келген тәрізді. Сонымен қатар ақталуға деген ұмтылыс деп ойлаймын. Себебі Қазақстандағы алқабилер сотының ақтау көрсеткіші 10 пайыз. Ал жалпы соттарда бұл көрсеткіш 1,5-2 пайыз. Яғни, алқабилер сотында қаралған істің ақталу ықтималдығы 5 есе жоғары деген сөз. Заң оған мүмкіндік беріп отыр», - деп түсіндірді ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.

«АЛҚАБИЛЕРГЕ ҚЫСЫМ КӨРСЕТУ ДЕРЕКТЕРІ БАР»

Halyq Uni тілшісі республикалық адвокаттар алқасының президиум мүшесі, адвокат Нұрлан Жолболовқа тәуелсіз сарапшы ретінде алқабилер сотының іс жүргізудегі ерекшеліктеріне қатысты пікірін сұрады. Сарапшы отандық сот төрелігі тарихында алқабилердің пара алуға әрекеттенуі немесе оларға қысым көрсету деректері бар екенін атады.

Оның айтуынша, қолданыстағы заң алқабилерді процеске қатысушылардың немесе мүдделі тұлғалардың ықпалынан толық қорғай алмайды.

«Алайда, мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік бар және алқабилер өз міндетін атқара отырып, ант береді. Судья қазылар алқасына мұндай жағдайларда не істеу керектігін түсіндіреді деп ойлаймын. Егер ондай факті болса, құқық қорғау органдары қазірдің өзінде жұмыс істеуі керек. Бұл фактілердің барлығы істерді қарау шеңберінде шешілді және бұл фактілер қылмыстық істер түрінде сотқа жеткен жоқ. Әрине, парақорлықты жоққа шығаруға болмайды. Кейбір адамдар үшін бұл қиын болмайды деп ойлаймын. Көп нәрсе алқабидің өзінің тазалығына байланысты. Мұндай фактілерді «есептеудің» механизмі жоқ. Құқық қорғау органдары басқа істерді де, әсіресе атышулы істерді де өз қолына алады деп есептеймін», - дейді тәуелсіз сарапшы.

Оның айтуынша, алқабилер сотына алғаш қатысып отырған тұлға іс барысын жете түсінбей судьяның ыңғайына жығылған жағдайлар кездескен және мұндай жағдайға өзге әріптестерінің де куә болғанын атады.

КІМДЕР МҮШЕ БОЛАДЫ?

Қазақстанда «Алқабилер туралы» заңға сәйкес алқабилер 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап қылмыстық істерге қатыса бастады.

«Заңда және Қылмыстық-процестік кодексiнде көрсетілгендей 25 пен 65 жас аралығындағы қылмыстық жаза өтемі жоқ, Қазақстан Республикасының кез келген азаматы алқабилер сотына қатыса алады. Яғни, алқабилер кездейсоқ түрде таңдалады. Азаматтық қоғам, адам құқығын қорғайтын мемлекеттерде бұл институт болуы керек. Тікелей адам құқығына қатысты. Себебі адамның тағдырын бір тұлғадан гөрі, он адам шешкен жағдайда әділетті болады. Әділеттілік, ашықтық, транспаренттілік принциптеріне сүйенетін институт Қазақстанда 2007 жылы пайда болды. Содан бері Жоғарғы сот судьясының айтуынша, биыл қаралатын істер саны 950-ге дейін артқан. Қазақстандық алқабилердің мысалында судья қатысады және он адамға үш сұрақ қояды. Яғни, кінәліні анықтауда бірігіп шешеді. Бірақ соттың соңғы қаулысын судья айтады», - дейді Әйгерім Құсайынқызы Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.

Алқабилер соты 11 адамнан, яғни судья және 10 алқабиден тұрады. Бұл ретте процестің басынан аяғына дейін барлық отырыстарға қатысатын «қосалқы» 2 үміткер таңдалады.

«Олардың арасында иерархия жоқ, өйткені заң талаптарына сәйкес алқабилердің құқықтары да, міндеттері де бірдей. Мысалы, Ресейде 12 алқаби судьяның қатысуынсыз шешім қабылдайды. Қазақстанда мәжіліс бөлмесіне 10 алқаби мен бір судья кіреді, адамды ақтап, сондай-ақ кінәлі деп тану үшін кемінде 6 дауыс қажет. Қазақстандық алқабилер институты гибридті, сонысымен де кемшілікті тұсы бар. Бұл жерде биліктің халыққа деген сенімсіздігін, керісінше халықтың билікке деген сенімсіздігін байқауға болады. Олардан басқа ешкім жоқ бөлмедегі судьяға қарапайым азаматтарды айдап салып, әр мәселеге өзінің «үстем» пікірін таңу оңай екені анық. Мұндай жағдайларда менің тәжірибем жеткілікті және кездейсоқ жағдайларға куә болдым. Бірақ бұл – басқа тақырып», - деп түсіндірді адвокат Нұрлан Жолболов.

БИШІМБАЕВТЫҢ ЖАЗАСЫ ЖЕҢІЛДЕЙ МЕ?

Бишімбаев ісінің алқабилер сотында қаралатындығы қоғамда көп сұрақ тудырды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қайта көтеріліп, кінәлілер көп жағдайда жазасыз қалатыны айтыла бастаған. Осыдан соң «алқабилер соты Бишімбаев ісінде қаншалықты әділ шешім қабылдай алады?» деген сұрақ жиі қойыла бастады.

Қазір Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің «Қинау» және «Аса қатігездікпен адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылған. Бұл бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін немесе мүлкін тәркілеп (тәркілеусіз) өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Заңгер Әйгерім Құсайынқызының айтуынша, Бишімбаев ісін адам құқығы бойынша халықаралық ұйымдар жіті назарда ұстап отыр. Сонымен қатар сарапшы Бишімбаевтың өмір бойына бас бостандығынан айырылатындығына күмәнді екенін жеткізді.

«Меніңше бұл сұрақты қою Қазақстан қоғамының индикаторы сияқты көрсеткіш. Себебі Бишімбаев ақталып кетеді деген пікірлерді өте көп көрдім. Құқықтық демократиялық принциптерді орнатқан мемлекет ретінде бізде мұндай сұрақ туындамауы керек еді. Тіпті БҰҰ, Халықаралық амнистия (Amnesty international) сынды адам құқықтары ұйымдары жіті қарап отыр. Сол үшін Қазақстан Бишімбаевтың тағдырын емес, мемлекет ретінде абыройын ойлауы қажет. Ол жерде әйел құқығы деген сөз де жоқ. Жай ғана Қазақстан осындай резонансты кейсте әділ шешім шығарды деген сөздің өзі Қазақстанға көп ұпай жеңіп береді. Біз, феминистер, Бишімбаевтың өмірбақи бас бостандығынан айырылуын талап етеміз. Бірақ Бишімбаевтың өмір бойы бас бостандығынан айырылатындығына күмәнім бар», - деген ол аталған қылмыстық істі продюсер Баян Мақсатқызының (Есентаеваның – ред.) бұрынғы күйеуі Бақытбек Есентаевтың сотымен ұқсастырды.

Сарапшының айтуынша, 2016 жылы продюсер Баян Есентаеваны өлтірмек болды деп айыпталған Бақытбек Есентаевты тоғыз жылға сотталды. Бірақ оған тағылған сексуалды сипаттағы қылмысты алқабилер соты қылмыс деп танымаған.

Алқабилер кеңесі «Баян күйеуінің көзіне шөп салды, сондықтан күйеуінің қылмысқа баруы орынды» деп есептеді. Осындай пікір Бишімбаев кейсінде де болуы мүмкін. Яғни, «әйелі Салтанат заңды некеде тұрмаған», «ұрса неге кетіп қалмаған», «неліктен үшінші әйелі болуға келісті» деген пікірдегі адамдар алқабилер қатарында болмасына кім кепіл?! Біз олардың құндылықтарын өлшей алмаймыз. Ол талқылау барысында белгілі болады, - деп түсіндірді заңгер.

Halyq Uni тілшісіне сұқбат берген заңгер Ғабдул-Ғани Абутәліптің айтуынша, Бишімбаевтың қылмыс құрамы толық дәлелденген күнде, оның тиісті жазадан құтылуы қиын.

«Жазадан құтылмайтынын өзі де (Бишімбаев – ред.) түсініп тұрған болар. Конституцияға сәйкес Бишімбаев өзіне алқабилер тағайындауды сұрауға құқығы бар. Оның алқабилер сотын сұрату себебі жазасын жеңілдетуге үміттеніп отыр. Қылмыс құрамы деген түсінік бар. Адамның қайтыс болғаны шындық. Қалай өлтірілгені, қайда өлтірілгені қылмыс құрамында болуы керек. Бишімбаевтың ісінде белгісіз болып тұрғаны – қандай құрал арқылы немесе қандай тәсіл арқылы жәбірленушінің қайтыс болғанын анықтау. Нүкенованың адвокаттары сотта осы нәрсені дәлелдейтін болса, қылмыс құрамы толық болып есептеледі және қандай сылтау айтса да жазадан құтылуы қиын», - дейді ол.

Айта кетелік, 12 наурызда Астана соты азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы «өлтірді» деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың айыптау бабын «Аса қатігездікпен адам өлтіру» бабынан «Абайсызда адам өлтіру» бабына ауыстырудан бас тартты.

Одан бөлек, сот іс сотқа түскен уақыттан бастап Бишімбаевтың қамаудағы уақытын алты айға созды. Экс-министрге қатысты басты сот талқылауы 27 наурызда өтеді.

2018 жылы жемқорлықпен 10 жылға бас бостандығынан айырылған Ұлттық экономика экс-министрі жазасын толық өтемей, бостандыққа шықан.

Былтыр 15 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрлігіне бұл істі «ерекше бақылауда ұстауды» тапсырған еді.

Бас прокуратура барлық азаматтар мен БАҚ-тарды заңдылықты сақтауға шақырды, қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаудан және соттың қызметiне қандай да болмасын түрде араласпауды ескертті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама