1937-38 жылдары қазақтың маңдайалды, беткеұстар 20 мың адамын атып тастаған
«Ашаршылық құрбандары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рамазан Құрманбаев stan.kz тілшісіне берген сұхбатында XX ғасырда қазақ ұлтындай қасірет шеккен халық болмағанын айтқан. Осы орайда ол архивтен зұлмат жылдары елде болған келеңсіз оқиғалардан бірнеше мағлұматты алға тартып отыр.
Мысалы, Қарағанды облысының Шет ауданында Сычев деген Ішкі істер халық комиссариаты (НКБД) басшысы қазақтарды атып өлтіріп, қандарын ішкендігін құпия құжаттар айғақтайды.
Сол кездегі Орталық комитеттің хатшысы Горюев отырықшыландыруға, кәмпескелеуге қарсы шыққан адамдарды сотсыз атып тастау керек деген бұйрық шығарды», – дейді ол.
Сондай-ақ құпия құжаттарда аштан қырылып, көмусіз қалғандардың моласына айналған Қазақстанға 1930 жылдың 1 ақпанында Ресейден 1 млн адамды қоныстандыру туралы Біріккен мемлекеттік саяси басқару (ОГБУ) төрағасының орынбасары Г. Ягоданың қолы қойылған №562 дерективасы шықққан. Осы жылдың 10 ақпанында Ягода мен ГУЛАГ-тың бастығы Берман 2 млн адамды Қазақстанға қоныс аудару жоспарын қалай іске асырып жатқандықтарын айтады.
«Осы жоспарда көшіп келгендерге жатын орны, мектеп, жұмыс орны қарастырылған. Бұл фактілер орталықтың қазақты жою жолындағы жоспарлы саясатын көрсетеді», - дейді Рамазан Құрманбаев.
Өйткені қызылдар 1937-38 жылдары қазақтың маңдайалды, беткеұстар 20 мың адамын атып тастаған болатын. Ал 100 мыңдаған адамды Сібірге айдап, солардың көпшілігінің топырағы жат жерден бұйырды. 1941 жылы Гитлер соғыс ашпағанда, бұл жағдайдың жалғаса беруі мүмкін еді.
Гитлердің басқыншылық соғыс әрекеттері қазақты қыру жөнінде жасаған Мәскеудің саясатының алдына өрт қойып тоқтатқандай болды. Осы сәттен бастап қазақты қыру саясаты тоқтады, – дейді Рамазан Құрманбаев.
Сондықтан ол қазақтың 70 пайызын аштан қырған, қолдан жасалған алапат ашаршылықты нағыз геноцид деп есептейді. Енді «Ашаршылық құрбандары» қоғамдық бірлестігінің белсенділері 2014 жылдан бері әртүрлі инстанцияларға бір күнді аза тұту күні деп белгілеу керек деген бастама көтеріп келеді.
Осы күні мемлекетімізде демалыс жарияланып, туымыз төмен түсіріліп, азалы музыка ойнап, ашаршылық құрбандарына Құран бағыштап, ас берілу керек деген бастаманы көтеріп келеміз.
Депуттаттарға, жоғары кеңеске бірнеше хат жаздық. Ешқандай жауап берілмеді. Мұндай хатымыздың ең соңғысын 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаздық», - дейді қоғамдық бірлестік төрағасы.
Айта кетсек, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Хазірет Сұлтан мешітіне барып, қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына арнап құран оқытты.