×

Бейбіт Шүменовті іздеп жатырмыз, әзірге нәтиже жоқ – ІІМ

Белгілі боксшыға іздеу жарияланғанына 7 айдан асты

 Дәурен Ерболат 20.03.2024 | 12:41
коллаж: Halyq Uni

Полиция белгілі боксшы Бейбіт Шүменовті әлі іздеп жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысынан соң БАҚ өкілі министрге «Ішкі істер министрлігі боксшы Бейбіт Шүменовты іздеуін жалғастырып жатыр ма? Оны неге ұзақ іздеп жатырсыздар? Ол АҚШ-та күнге қыздырынып жатқан сияқты?» деген сұрақ қойды.

Ержан Сәденов полиция іздеу жұмысын жалғастырып жатқанын, бірақ әзірге нәтиже жоғын айтты.

Ол іздеуде. Тиісті шараны қабылдап жатырмыз. Болашақта елге қайтаруға тырысамыз, - деп ІІМ өкілі жауабын қысқа қайырды.

Еске салайық, 2023 жылдың 18 маусымында Астанадағы ойын-сауық орталықтарының бірінде жанжал болып, белгілі боксшы Бейбіт Шүменов қолында баласы бар ер адамды (қырғыз азаматы) ұрып-соққан. Сол кезде Ішкі істер вице-министрі Қайрат Сүнтаев боксшыға қатысты «бұзақылық» бойынша іс қозғалғанын, ал уақытында Бейбіт Шүменовке шара қолданбаған полиция қызметкері жауапқа тартылатынын айтқан.

Осы жанжалдан кейін тексеріс жүргізіліп, Есіл аудандық полиция бөлімшесінің жергілікті полиция инспекторы қызметінен босатылды. Кезекші бөлімшенің жедел кезекшісіне және «Есіл ауданы» ММ жергілікті полиция қызметінің бөлімшесінің аға учаскелік полиция инспекторына қызметтік талаптарды толық орындамағаны туралы ескерту жасалды. Бұл туралы Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Одан бөлек, аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары қызметінен босатылды, аудандық полиция басқармасының басшысына сөгіс жарияланды.

Еске салайық, осы жанжалдан кейін Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті белгілі боксшы Бейбіт Шүменовке іздеу жариялады.

Қазақстандағы Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиева кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменовті тағы бір бап бойынша қылмыстық жауапқа тартуды ұсынды.

Омбудсмен боксшы өз іс-әрекетімен жәбірленушінің қолында болған баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргенін ескеріп, Ішкі істер министрлігіне жүгінген. Оның пікірінше, Бейбіт Шүменовті қылмыстық жауапкершілікке тарту керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама