Алматыда ескі үй мен жаңа үйдің тұрғындары төбелесіп тынды

Еркеғали Болатұлы

Жедел жәрдем мен полицейлер де жетті

фото: djoconda.com

Алматыда ескі және жаңа үй тұрғындары екіге бөлініп жаға жыртысты. Олар 60 жылдық тарихы бар апатты үйлерді сүру мәселесін жылдар бойы шеше алмай келеді. Бірі тозығы жеткен баспананың орнына жаңа ғимаратты салып берсін десе, екінші жақ қирап жатқан үйлердің орнына саябақ салсын дейді.

КТК телеарнасының хабарлауынша, Достық даңғылының бойында орналасқан бұл үйлер 1961 жылы салынған. Жарты ғасырдан асқан баспананың қабырғасы қақырап, сылағы сыпырылып жатыр. Апатты жағдайдағы 6 үйдің тұрғындары баспаналарын сүріп, орнына жаңа пәтер салып беруді сұрап отыр. Құрылыс компаниясы да бұл шешімді құптап, жоспарын да көрсеткен. Алайда көпқабатты көрші үйдегі тұрғындар жапсарлас жаңа үйдің салынуына қарсы. Тіпті олар «жаман үйлер ауданымыздың сәнін бұзды» деп орнына саябақ салуды сұрап, қол жинауға кіріскен.

Осы орайда 20 жылдан бері ортақ келісімге келе алмай жүрген тараптардың жанжалы төбелеске ұласты. Жедел жәрдем мен полицейлер де жетті. Пікірі қақ жарылған әйелдер ақыры бір-бірінің үстінен жаппай арыз жазып тарқасты.

Бұл ретте шенеуніктер ескі үйдің тұрғындарын қолдап отыр. Олар байбалам салып жатқан жаңа үйдің тұрғындарына бола жоспардың өзгермейтінін жеткізді.

«Қазір оларды қолдаймыз. Олар да Алматының тұрғындары. Жаңа ғимаратта тұруға хақысы бар. Сол себепті оларға бізден көмек болады.

Сол жерде қалатындар сол жерде тұрады. Жаңа ғимарат бәрібір салынады. Ескі ғимаратқа жөндеу жасай алмайсың.

Заң бойынша біз маңайында тұрған тұрғындарға көрсетіп, келісім алуымыз керек», - дейді қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов.

Енді ескі үйдің орнына жаңа ғимарат салу мәселесі бойынша келесі айда қоғамдық талқылау өтпек. Онда құрылыс компаниясы тұрғындарға жобасы мен алдағы жоспарын көрсетеді. Егер жұрттың басым бөлігі құптаса, құрылыс басталып, биік ғимаратты 9 айда салып бітірмек. Сөйткен жағдайда апатты баспананың тұрғындары бұрынғы тұрған пәтерінің шаршы метріне сәйкес, жаңа үйден ауданы сондай баспанаға көшеді.