ҚМА көліктерді заңсыз есепке алудың 4 негізгі схемасын анықтады
2023 жылдың тамызынан бастап 23 қылмыстық іс тіркелген
Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен алдын алу жұмыстары аясында агенттік, Цифрлық даму министрлігі және «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ өкілдерінің жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Тараптар жүк көліктері мен автобустарды есепке заңсыз қою жағдайларының жиілеп кету фактілерінің алдын алу шараларын талқылады. Кездесу барысында бүгінде алаяқтар қолданған 4 негізгі схеманың анықталғаны атап өтілді.
ҚМА төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов мұндай кездесулер алдағы уақытта заңбұзушылықтарға қарсы тұрудың бірлескен тетіктерін әзірлеу мақсатында өткізіліп жатқанын атап өтті.
Қылмыстық жауапкершілік шаралары ғана мәселені шеше алмайды. Болашақта мұндай оқиғалардың алдын алу үшін барлық мүдделі тараптарды тыңдау қажет. Біздің басты міндетіміз – алдын алу шараларын жүргізу, – деді Қайрат Бижанов.
Цифрландыру вице-министрі Асқар Жанбакин өз кезегінде ақпараттық жүйелердің толық интеграциясы жүргізілгенін хабарлады. Бұл VIN енгізу кезінде авто туралы барлық деректі автоматты түрде ақпараттық жүйеден тартуға және төленуге жататын алымдар мен төлемдерді есептеуге мүмкіндік береді. Жүйені жаңарту ХҚКО қызметкерлерінің автокөлік туралы деректерді «қолмен» енгізудің жолын кеседі.
Атап айтқанда, 2023 жылдың тамызынан бастап ҚМА 23 қылмыстық істі тіркеді. Аталған істер бойынша 3 мыңға жуық автокөлік қарастырылып жатыр. Мемлекетке келтірілген залал 14 млрд теңгеден асты.
Тараптар осындай құқықбұзушылықтарға қарсы іс-қимылдың өзекті тетіктерін әзірлеу үшін осы бағытта одан әрі бірлесіп жұмыс істеуді уағдаласты.