Мектептегі психолог мамандардың жалақысын көтеру керек – депутат
Сенатор мектептегі психологтарды негізгі мамандар тізбесіне қосуды ұсынды
Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев мектептегі психолог мамандардың жалақысын көтеруді ұсынды. Ол депутаттық сауалын Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сенатордың айутынша, балалардың психологиялық жағдайы мен мінез-құлқындағы алғашқы проблема мектепке дейін және мектеп жасында анықталады. Сондықтан педагог-психологтар оқушыларға жеке көмек көрсету қызметінің сапасын арттыру мәселесін қарастыру керек.
«Оқу-ағарту министрінің №224 бұйрығындағы нормативке сәйкес, психологтардың штат саны мектептегі жалпы сынып бойынша есептелген. Осыған сәйкес, кез келген білім беру мекемесінде психолог штаттары 0,5-тен 2 бірлік арасында қарастырылған.
Мысалы, орташа есеппен 1,5 мың бала оқитын мектептерде 60, ал 4500 және одан да көп оқушы бар білім беру ошақтарында 170-тен көп сынып бар. Яғни, бір психолог 2 мың оқушыға және ерекше білім беру қажеттігі бар балаларға қызмет көрсетіп жүр.
Психологтың жұмысының көптігінен нақты мұқтаж адамға көмек берілмейді», - деді Ғалиасқар Сарыбаев.
Депутат мәселені шешу үшін мектеп психологтарының санына қатысты нормативті қайта қарауды, сынып санына түзетулер енгізуді, мамандардың жалақысын көтеруді ұсынды.
1987 жылы ресми түрде мектептерге психолог штаты енгізілді. Алайда олардың заңды мәртебесі анықталмаған. Еңбекақы төлеу жүйесінде олар қосымша мамандық ретінде анықталды. Психолог ерекше мамандық екенін ескеріп, негізгі мамандар тізбесіне енгізуді ойластыру керек, - деді сенатор.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда мектеп психологтары жетіспейтіні хабарланды. Сондай-ақ мектептегі психолог саны бойынша нормативтерді қайта қарау керектігі де айтылды.