Тендерге талас және судьяға деген сенімсіздік: ҰҚК ұстаған шымкенттік шенеуніктің ісі туралы не белгілі?

Айгерім Таубай

Мақсұт Исахов 2020 жылы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне кірісті

коллаж: Halyq Uni (gov.kz және RFE\RL фотосы қолданылды)

2024 жылдың 5 наурызында Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховқа қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мақсұт Исаховты 2023 жылдың 20 шілдесінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратураның үйлестіруімен жемқорлық жасады деген күдікпен ұстаған.

Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасарына қылмыстық кодекстің 367-бабы 4-бөлігінде көрсетілген (пара беру) әрекетті жасады деген айып бойынша сотқа тартылған.

Алдын ала сот тыңдауы барысында Исаховтың адвокаты Жания Бодау сотталушының мүддесі үшін қылмыстық істі Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотынан оңтүстік өңірлердегі – Алматы, Қызылорда немесе Жамбыл облысындағы кез келген деңгейдегі сотқа беру туралы өтінішхат жолдады. Адвокаттың сөзінше, Шымкент прокуратурасы мен соттары қала бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тәуелді.

Сондай-ақ Исаховтың денсаулығының нашарлауына байланысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын үй қамағына ауыстыруды сұрады.

Адвокаттың Шымкент қаласы бойынша ҰҚКД тарапынан прокуратура мен сотқа қысым жасалып жатқаны тек болжамдарға негізделген және расталмаған. Іс бойынша осы соттың судьяларына осы істі қарауға ешқандай кедергі жоқ, сондай-ақ қатысушылардың жеке қауіпсіздігіне қатер жоқ, - деілнген сот материалдарында.

Осылайша іс қарап жатқан судья Самидин Темиралиев адвокаттың өтінішхатын кері қайтарды.

Қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы 5 наурызда өтті. Жергілікті Otyrar.kz сайтының хабарлауынша, сыбайлас жемқорлық әрекеті 2020 жылдың мамырынан бастау алады. Сол кезде Гагарин, Абай және Громов көшелеріндегі магистральдық желілерді қайта жаңартуға 685 млн теңге тендер жарияланған. Тендерді «Сити-строй» корпорациясы» ЖШС жеңіп алған. Ықтимал орындаушы болып «АлемСтрой-1» ЖШС таңдалған. Байқаудан екі күн өткен соң жеңіп шыққан компаниямпен шарт жасалған. Алайда жеңілген «Старт-Строй» компаниясы конкурс шешіміне келіспей, сотқа жүгінген.

Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың 2020 жылдың 2 маусымындағы шешімімен «Старт-Строй» ЖШС талап арызы толық көлемде қанағаттандырылды. 2020 жылы 9 қыркүйекте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Исахов өзінің лауазымдық өкілеттігіне байланысты жоғарыда аталған конкурсқа ешқандай қатысы болмағанына қарамастан, мемлекеттік сатып алу басқармасының қызметіне жетекшілік етпесе де, «Старт-Строй» ЖШС директорының орынбасары Егізбаевты жұмыс кабинетіне шақырған, - деді мемлекеттік айыптаушы Мұхтар Арыстанов.

Прокурордың айтуынша, Исахов басқа конкурста 11 млрд теңгенің тендерін алатынын айтып, бұл тендерден бас тартуын сұраған. Алайда кәсіпкер бұл ұсыныстан бас тартқан. Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, Исахов осы жағдайдан кейін компаниядан 187 млн теңге талап еткен, бермесе, «соңына дейін соғысатынын» жеткізген.

Нәтижесінде «Старт-Строй» ЖШС тендерді жеңіп алған. Ал «Сити-строй» корпорациясы» ЖШС қосалқы мердігер болған.

Жеңімпаз компания басшылығы Исаховпен болған әңгімені диктофонға жазып, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне барған. Содан кейін тергеу басталған. Прокурор Мұхтар Арыстановтың айтуынша, Исахов ҰҚК басшысының бірінші орынбасарына 200 мың доллар беруге тырысқан. Содан кейін әкімнің орынбасары қамауға алынған.

Сот барысында Мақсұт Исахов өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды. Оның сөзінше, ҰҚКД бастығының бірінші орынбасары қылмыстық қудалау жүргізетінін айтып, пара талап еткен.

Айта кетейік, Исаховқа қатысты қылмыстық іс бойынша келесі сот отырысы 2024 жылдың 19 наурызында Шымкентте өтеді.

Мақсұт Исахов 1974 жылы туған. Мамандығы – ауыл шаруашылығы өндірісінің экономист-ұйымдастырушысы, заңгер.

Еңбек жолын ішкі істер басқармасынан бастаған. Бірқатар облыста кеден саласында, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында қызмет атқарған.

Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары, Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу комитеті төрағасының орынбасары, Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, аталған қалада энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Сосын ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болған.

2020 жылдың 7 ақпанынан бастап Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.