Мамандар әлі де жер сілкінісі тіркелуі мүмкін екенін айтады
Алматылықтарға сағат 16:00-ге дейін қауіпсіз жерде қалу ұсынылды. Бұған 4 наурыз сағат 11:22-де тіркелген жер сілкінісі себеп болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаевтың сөзінше, әлі де автершоктар болуы мүмкін.
Автершоктың қуаттылығы қатты болмайды. Сабыр сақтап, халықты жинау бекеттерінде сағат 16:00-ге дейін болуларыңызды сұраймыз. Сейсмикалық жағдайды бақылау комиссиясының қорытындысын хабарлаймыз, - деді Сәрсенбаев.
Айта кетейік, Алматыда сағат 11:22-де 5 балдық жер сілкінісі тіркелді. 12:54-те 2 балдық дүмпу болды. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан оңтүстік шығысқа қарай 255 шақырым жерде Қытай аумағында орналасқан. Мамандар мұның автершок екенін хабарлады.
Алматыда қаңтардағы жер сілкінісінен кейін 4 мыңнан аса афтершок тіркелді. Мамандар табиғи құбылыстың әлі күнге дейін жалғасып жатқанын хабарлаған еді. Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы жер қыртысының флюидті режимі зертханасының меңгерушісі Елизавета Есенжігітованың айтуынша, Алматыда күніне бірнеше рет жер сілкінеді, алайда тұрғындар оны сезбейді. Мұндай жер сілкінісін құрылғылар тіркейді.
Алматыдағы жағдай қалыпты. Кейінгі бес жылда ел бойынша жыл сайын 8-9 мың рет жер сілкінді, соның 15-20-сы ғана адамға сезіледі. 2023 жылдың басқа жылдардан айырмашылығы жоқ. 2020 жылы ғана оның көрсеткіші 10 мыңға жетті. Алматы оңтүстік-шығыста орналасқан, Бұл – Қытай және Қырғызстанмен шекаралас аймақ. Бұл жерде таулы қыраттар бар. Геологиялық есептеу бойынша қарасақ, осы таулардың түзілуі жердің қозғалысына әкеледі. Қазақстанда тіркелген жер сілкінісінің көбі шекаралас таулы аймақтарда болады. Соңғы жер сілкінісін алсақ, бізде магнитудасы 4, кей жерде 5 болса, негізгі ошағында – 6,7. Шет елдің мәліметі бойынша магнитудасы – 7,1. Біз жер сілкінісінің ошағында қанша болғанын білмейміз. Себебі басқа мемлекет, ол жерлерде біздің құрылғылар тұрған жоқ. Сол себепті айырмашылық бар, - дейді Есенжігітова.
Айтуынша, институттың кейінгі 30-40 жылдағы болжамы дәл келген. Себебі ірі жер сілкіністеріне ғана болжам жасалады. Ірі жер сілкінісі – магнитудасы 5,5-тен жоғары дүмпу. Ол кезде ғимаратқа да зақым келеді, адамдар да сезеді. Одан төмен жер сілкіністері айына, күніне, сағатына бірнеше рет болады, оларға болжам жасаудың қажеті жоқ. Ал соңғы жағдайда адамдар жел сілкінісін сезді, себебі ол жерге жақын қабатта болды.