Майқайыңдағы апаттан сабақ алуымыз керек – депутаттар
Олар сала мамандары тапшы екенін айтты
Мәжіліс депутаттары еліміздегі сеймикалық қауіпті аймақтарда сейсмология станцияларының жұмысын жандандырып, заңды күшейту керектігін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Тілші депутаттарға «бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин Қазақстан территориясының 45%-ы сейсмикалық қауіпті аймаққа жататынын айтқан еді. Еліміз бойынша Алматыда ғана бір сеймикалық станция бар. Ол аздық етпей ме? Арнайы сеймикалық станция қабылдайтын уақыт жетті ме?» деген сұрақ қойды.
Мәжіліс депутаты Ербол Саурықов:
- Мен «Қазақстан территориясының 45%-ы – сейсмикалық қауіпті аймақта» деген ақпаратты естіген жоқпын. Бірақ еліміздің үштен бір бөлігі – сейсмикалық қауіпті аймақ, оның ішінде 50 нүкте аса қауіпті аймақ болып есептеледі. Ұлттық сейсмология орталығының мәліметінше, сеймологиялық орталық тек Алматы қаласында емес, Қазақстанның 7 жерінде бар. Бірақ ұлттық орталықтың өзінің сұранысы бойынша сеймологиялық орталық барлық 20 өңірде болуы керек.
Біріншіден, орталықтардың болмау себебі – маман тапшы. Екіншіден, өте қауіпті аймақтардағы сейсмикалық орталықтарды ашу керек. Бұл міндетті түрде керек. Бұл туралы жақында өткен семинарларда, дөңгелек үстелдерде айтылды. Депутат ретінде пікірім, біз сеймикалық қауіпке байланысты жұмысты күшейтуіміз керек. Мемлекеттен қанша қаражат керек болса, сонша беруіміз қажет. Өйткені біз үшін ең алдымен халықтың өмірі маңызды.
Енді Мәжіліске «Сәулет және қара құрылысы» туралы заң жобасы түсті. Оның негізгі жобасы бар, оны бәріміз көрдік. Алайда құжатта көптеген кемшілік бар. Өйткені біздің депутаттар заң жобасының таныстырылымы кезінде құжатты 50%-ға жаратпай тастады.
Өйткені (Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі) ескі заңды көшіріп алып келген. Біз қарап шықтық, заң шикі. Оны қайта толықтыру керек. Менің ойымша, заңға 100-ден аса түзету мен толықтыру енгізу шарт. Егер заң жобасы тиісті деңгейде қаралса, онда арнайы сеймикалық заңды енгізудің қажеті жоқ. Ал тиісті деңгейде қаралмаса, онда арнайы заң қабылдау керек деп есептеймін.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов:
- Біріншіден, біз бұл мәселе бойынша заң жобасының таныстырылымында тиісті түзетулерді бердік. Екіншіден, арнайы сейсмикалық институт бар. Оның арнайы техникалық базасына қатысты сұрақтар өте көп. Біз мәселені көтеріп жатырмыз. Қазір төтенше жағдайлар министрлігі және басқа да мемлекеттік органдар осы мәселемен айналысып жатыр. Сондықтан сіз қойған сұрақ заңды. Осы бағытта жұмысты күшейту керек.
Депутат Мархабат Жайымбетов:
- Сейсмикалық заң қабылдауға болады. Өйткені еліміздегі елді мекендердің көбі азайып барады. Қазба байлықтарына да қатысты проблема бар. Мысалы, бүкіл батыста мұнай өндіретін жер көп. Сондай-ақ бұрын Қызылорда облысында (жер сілкінісінің күші – автор) 4-5 балл болса, қазір 6-7 балға өсіп бара жатыр. Мәселе бар. Сондықтан болашақта сейсмологиялық зерттеулер мен сейсмикалық зерттеулерді көбейтуіміз керек. Себебі бұл тұрғындарымыздың қауіпсіздігі үшін қажет.
«Майқайыңалтын» кен орнында (қайғылы) жағдай болды. Мысалы, Қарағанды облысында (ондай жерлер) көп. Жердің астына тұтас қалалар түсіп кетуі мүмкін. 100 мыңдаған шақырым жер опырылып кетуі мүмкін. Сондықтан зерттеулер жүргізу керек.
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай:
- Өткенде Алматыда болған жер сілкінісі бәрін қобалжытып, ойландырып тастады. (Сеймскалық станция) Алматыда бар. Елімізде сеймикалық қауіпті басқа да аймақтар да бар ғой. Мысалы, Шығыс Қазақстан және таулық аймақтар (сейсмикалық станциялар) керек. Құрылыстың нормасына қатысты бақылауды күшейту керек. Қалай болса солай салынып жатқан құрылыстар бар екені жасырын емес.
Алматыға барғанда екі күннің бірінде шағымдар түседі. Алтын орда көшесі маңында салынған Alma city тұрғын үй кешені, Алғабастағы ғимараттарды алайықшы. Бәрі жаңа нысандар, алайда бір жағы қисайып тұр. Себебі, оның іргетасы дұрыс қаланбаған. Бәрін бақылауға алуымыз керек. Бұл – мемлекеттің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Сондықтан міндетті түрде бақылауды күшейту керек. Қазір біздің қарауымызға Құрылыс кодексі түсті. Заңға тиісті нормаларды міндетті түрде енгізіп, талапты күшейтеміз.
Айта кетейік, биыл 4 қаңтарда «Майқайыңалтын» АҚ аумағында 4 адам отырған автобус опырылған шұңқырға құлап кеткен еді. Салдарынан 2 құтқарушы көз жұмды, қалған 2 адам (1 құтқарушы, 1 жүргізуші) әлі табылмай жатыр.
Алматыда қаңтардағы жер сілкінісінен кейін 4 мыңнан аса афтершок тіркелген. Бұл табиғи құбылыс әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Ал мамандар қаладағы сейсмикалық жағдай тұрақты екенін айтады. Halyq Uni тілшісі елдегі сейсмикалық ахуал, кадр тапшылығы мен ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділігі туралы Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы жер қыртысының флюидті режимі зертханасының меңгерушісі Елизавета Есенжігітовадан сұрап көрген еді.