Алматыда балабақша тәрбиешісі бүлдіршіндердің шашынан тартып, құлағын бұраған

Халық үні

Тәрбиеші жекменшік балабақшада екі жылдан бері жұмыс істеп келеді екен.

скриншот: видео

Алматы қаласындағы балабақшалардың бірінде тәрбиешінің бүлдіршіндердің шашынан тартып, құлағын бұрап, таяқшамен ұрғаны түсіп қалған видео тарады.

Оқиға Жетісу ауданындағы «Сәби бала» атты жекеменшік балабақшада болған. Тәрбиешінің партада отырған бүлдіршіндерді шетінен ұрып, қыздардың шашынан сүйреп жүрген сәттері кадрға ілінген. Балаларының қорлық көргенін білген ата-аналар полицияға арызданған.

Алматы қалалық Полиция департаментіндегілер бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркелгенін хабарлады. Қазір бұл іс Жетісу аудандық полиция басқармасында қаралып жатыр. Тергеу аясында мән-жайы міндетті түрде зерделеніп, тәрбиешінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, оған сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Қалалық Білім басқармасындағылар аталған жағдай жекеменшік балабақшада болғандықтан жауап бере алмайтынын айтты. Ал, балаларды ұрып-соққан тәрбиеші аталған мекемеде екі жылдан бері жұмыс істеп келеді екен.