Halyq Uni логотип
×

«Менің қолымда қазақтың соңғы кілемдері қалды»: Белгілі коллекционер визит-орталықтағы орнын қайтаруға мәжбүр

Дана Бектаева ұйымдастырған көрмеге Қазақстан мен Өзбекстан президенттері де қатысқан

 Ая Өміртай 19.02.2024 | 16:04
«Менің қолымда қазақтың соңғы кілемдері қалды»: Белгілі коллекционер визит-орталықтағы орнын қайтаруға мәжбүр
фото: Дана Бектаеваның жеке архивінен

Белгілі коллекционер, қазақ кілемдерін зерттеуші Дана Бектаева Қазақстанда кілем музейін ашу идеясын бірнеше жылдан бері көтеріп жүр. Жуырда ол Түркістан қаласындағы визит-орталықтағы жалға алған орнын қайтаруға мәжбүр болған.

Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында коллекционер кілем музейін ашудың неліктен маңызды екенін, сондай-ақ жергілікті басқарушы әкімдіктен неліктен қолдау болмай отырғандығын айтып берді.

Дана кілем жинаумен 10 жылдан астам уақыттан бері айналысып келеді. Қазір оның қолында мыңнан астам кілем бар. Кілемдерінің ішіндегі ең көнесі XIX ғасырға тиесілі.

Мен өзімнің жеке қаржымды түгел осы кілемдерді сатып алуға жұмсадым. Өйткені бұл кілемдер – нағыз тарихи жәдігер. Көпшілік қолындағы кілемдерді ескірген соң отқа жағып жібергендер де бар. Қазір менің коллекциямда кілемнен бөлек, 120-дан астам сандық пен елу шақты түскиіз, киіздер бар. Менің қолымда баға жетпес байлық, ұлттық байлық бар. Өйткені кілемдер халқымыздың ежелгі идеясы мен дүниетанымының баға жетпес дәлелі, - дейді Дана Бектаева.

Коллекционер тарихи бұйымдарды Шымкент пен Түркістандағы қоймаларға жинап қойған. Оған себеп Түркістандағы визит-орталық мемлекет меншігіне қайтарылатын болғандықтан, қала әкімдігі келісімшартты бұзуды сұраған.

«Бұрын коллекциядағы кілемдерді Түркістанның визит орталығынан көруге болатын. Орталықтағы мен жалға алған орынды қала әкімдігі қайтарып беруімді сұрады. Осылайша қазір мен кілемдерімді көпшілікке ұсына алмаймын. 2019 жылдан бері бұл мәселе бойынша қайда және кімге хабарласпадым десеңізші! Осы жылдар бойы облысты басқарған Түркістан облысының барлық әкімдері мен оның командасына да барып айттым. Мәдениет министрлігіне және одан жоғарыға жаздым. Нақты нәтиже болмай отыр. Таза экономикалық тұрғыдан ойласақ, бұл жобаның тиімді екендігі анық. Кілем музейі туристік тұрғыда тартымды орталыққа айналар еді. Қазір мавзолей бос тұр, баяғының заттарынан іліп аларлық ештеңе жоқ», - дейді ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.

Дананың айтуынша, қазір кілем тоқитын қолөнершілер жоқтың қасы. Өйткені кілем шығаратын зауыттар синтетикалық бұйымдарымен нарықты жаулап алғандықтан, кілем тоқу өнерін көпшілік ұмытып барады.

«Мен бұл кілемді түрлі жолмен сатып алдым. Базарларға барып сұрадым, интернеттен іздедім. Өздері хабарласқандар да бар. 19 ғасырға жататын «Абылайхан» кілемдер сериясынан менің қолымда алты-жеті кілем сақталған. 2022 жылы Өзбекстанда өткен «Абай. Бауырлас халықтар мұрасы» көрмесіне осы кілемдерді алып бардым. Көрмеге қатысқан Тоқаев пен Мирзиёевтің өзі таң қалған еді. Қолдан жасалған соңғы кілемдер өткен ғасырдың 80-90 жылдарына тиесілі. Содан кейін олар кілем, алаша тоқымайтын болды. Өйткені фабрикалар жасанды кілем шығара бастады. Өкінішке қарай, Қазақстанда қолөнер зерттеулері жүргізілмейді. Басқа елдерде кілем мұрасына көп көңіл бөлінеді. Мысалы, Әзербайжанда ұлттық кілем музейі бар», - дейді Дана Бектаева.

Қазір Дана қазақ мәдениеті мен ұлттық қолөнер жайында әлеуметтік желілерде блог жүргізіп жүр. Оның ендігі арманы – кілем музейін ашу.

«Мен қазақ кілемдерін танымал ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Өзіңіз көрген де шығарсыз, қазақ мәдениеті туралы блогтарымда айтып, әлеуметтік желілерде парақшаларымды жүргіземін. Кілемде қолданылатын рәміздердің, өрнектердің, техниканың мағынасын түсіндіремін. Кейде оқырмандарға кілем философиясы туралы дәрістер оқимын. 90-шы жылдардан бастап Түркістанның кілемдерін шетелдіктер сатып әкеткен. Қазір менің қолымда соңғы кілемдер қалды. Ендігі арманым – кілем музейін ашып, қазақ қолөнерін ғылыми негізде зерттеу. Кілемді сақтау – бөлек, музей ашу – бөлек сала», - дейді коллекционер.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістандағы визит орталық ғимаратын сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру бойынша аукцион заңсыз өткізілгендігі туралы Halyq Uni жазған болатын.

Түркістан қаласының әкімі аталған нысан «жеткілікті түрде жұмыс істемей тұрғандықтан» республикалық меншікке беру туралы шешім қабылданғанын айтқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама