×

Түркістандық шенеуніктердің бизнесі: Визит орталық ғимаратын заңсыз жолмен иемденбек

Күмәнді бизнес-схеманың соңы облыс басшылығына келіп тіреледі

 Ая Өміртай 14.07.2022 | 11:15
Коллаж: Halyq Uni

Түркістан қаласындағы «Туристерге қызмет көрсету орталығы» ғимаратын сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру бойынша аукцион заңсыз өткізілген. Редакцияға хабарласқан анонимді дереккөздің айтуынша, Түркістан облыстық лауазымды тұлғалар мекемені заңсыз жолмен меншіктеп алмақ. Осы орайда, Halyq Uni тілшісі мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

АКТІЛЕРГЕ КҮШТЕП ҚОЛ ҚОЮҒА МӘЖБҮРЛЕГЕН

Анонимді дереккөздің айтуынша, «Туристерге қызмет көрсету орталығы» директоры Өткір Малдыбеков құқық қорғау орындарына шағымданғанымен көптен бері әділдік ала алмай келеді.

Дереккөз редакцияға орталықтың директоры Өткір Малдыбековтің Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлық агенттігіне жолдаған арызының көшірмесін табыстады. Арызда Түркістан қалалық әкімдігі мен облыстың лауазымды тұлғаларының сыбайласқан жолмен өрескел заң бұзушылықтар жасап отырғаны туралы баяндалған.

Арыз иесі атап көрсеткендей, Түркістан қалалық әкімдігі тарапынан оған қысым көрсетіліп, инвестициялық жылжымайтын нысандарға және аяқталмаған құрылыс нысандарына бөлінген қаражаттарды қабылдап алу актілеріне күштеп қол қоюға мәжбүрлеген.

Осы актілер жүзеге асқан жағдайда мемлекеттік құны 755 млн теңгеден асатын визит орталық (Туристерге қызмет көрсету орталығы) орналасқан мемлекеттік ғимаратқа реконструкция жасалып, инвестиция жасау үшін мемлекеттік бюджеттен сенімгерлік басқарушы ретінде Ирина Рей есімді азаматша 600 млн теңге қаржы алмақ. Түркістан қалалық және облыстық прокуратурасына осы жағдайдың бәрін айтып, шағымданып бардым. Мені түсініп, тыңдаған еш жан болмады. Өзіңді қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп, өзіме қарсы шапты. Мен Үкімет басшысына тығырыққа тіреліп, ешкімнен қолдау таппаған соң жүгініп едім. Лауазымды тұлғалар қол астымда қызмет атқаратын 31 жұмысшымен бірге мемлекеттік ғимараттан шығарып, айлық жалақыны қысқарту арқылы жұмыстан шеттетпекші, - деп жазады арыз иесі Өткір Малдыбеков.

МЕМЛЕКЕТТІҢ МҮЛКІН САТЫП ПАЙДА ТАППАҚ

Арызда көрсетілгендей, жергілікті әкімдік пен облыстағы бірқатар лауазымды тұлғалар «Мүгедек және жетім балалар үйіне» деп белгіленген жерге визит орталық ғимаратын салып, оны аукцион арқылы сенімгерлік басқару жүйесіне ұсынған.  

Саудаға салынған ғимарат «Туристерге қызмет көрсету орталығы» КММ-нің балансында. Ал саудаға салған Түркістан қалалық әкімдігінің «Қаржы және экономика бөлімі» мемлекеттік мекемесі.

Визит орталығы салынған жерді пайдалану құқығы осы уақытқа дейін базалық кадастрлық құжаттарда «Мүгедек және жетім балалар үйіне» арналған деп көрсетілген.

2021 жылы 18 қарашада өткізілген мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы болып «Столичное бюро экскурсий «Саят» ЖШС танылған. Компаниян директоры Ирина Рей тапсырыс беруші Түркістан әкімдігімен «Сенімгерлік басқару келісімшартын» түзген.

Тиісті заңнамаларға сәйкес өзгерістер келісімшарт түзілгеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде Әділет органдарына тіркелуі тиіс. Алайда компания директоры Ирина Рей тек 2022 жылы 14 қаңтарда сенімгерлік басқару туралы келісімшарттың сыйақы туралы тармағына негізсіз өзгеріс енгізген.

Осылайша аталған компания бір жылдың көлемінде ғимаратты сату арқылы сатылу бағасынан 30% пайыз сыйақы алып, заңсыз пайда табуды көздеген.

Ал мемлекеттік сату, сатып алу электрондық саудасы жүргізілгенде әу баста «сату құқығынсыз» деп өткізілген.

Сонымен қатар, қосымша келісімшарт негізінде «шығыстар туралы» тармақтары өзгертіліп, ғимарат реконструкция жасалған жағдайда және эксплуатациялау және коммуналдық қызметтерді төлеу мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен деп көрсетілген.

Ал мемлекеттік нысандарды сенімгерлік басқару жүйесіне беру туралы ережеге сәйкес, бұл өзгерістер тендер өткізу комиссиясымен сауда-саттық өткізу барысында ғана жүзеге асырылуы тиіс.

Малдыбековтің сөзіне сүйенсек, Президент атына және Бас прокуратураға жолдаған арызы қайтадан облыстық прокуратура қарамағына қайтарылған. Алайда Түркістан облысы әкімдігінің лауазымды тұлғалары сыбайласқан жолмен қызмет бабын асыра пайдаланып, белгіленген заңнамаларды бұзуға жол беріп отыр.

МҮГЕДЕК ЖӘНЕ ЖЕТІМ БАЛАЛАР САСЫҒАН ТАМАҚ ЖЕП, СУЫҚ ЖЕРДЕ ЖАТЫР

Арызда баяндалғандай, бұрынғы «Мүгедек және жетім балалар үйінде» тәрбиеленушілер қазір Түркістан қаласы Ерубаев көшесінде орналасқан, бұрынғы педколледждің ескі ғимаратын паналап отыр. Жылуы жоқ ғимаратта екі шаршы метр бөлмелерде 8 баладан тұрады.

2019, 2020, 2021 жылдардан бері қыс айларында жылуы жоқтықтан тоңып, бұзылып, сасып кеткен тамақтарды амалсыздан жеп, бүрісіп жатқан балаларды кім анықтап, қажетті шара қолданады? Тіптен әжетхананың өзі далада орналасқан, өздігінен жүре алмайтын жарымдан жетімдердің мұң-мұқтажын кім ойлайды? Интернат директоры аузымды ашсам жұмысымнан айырылып қаламын деп қорқады, - деп жазады Өткір Малдыбеков.

Арыз иесі лауазымды тұлғаларға заң аясында шара қолданып, қылмыстық жауапқа тартуды сұрайтынын айтқан.

Осылайша лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану арқылы түркістандық шенеуніктер мемлекет меншігіндегі құны 800 млн теңгеден асатын сомаға әкімшілік ғимаратты иемдену мақсатында үшінші тұлғалардың мүдделеріне ашық лобби жасап отыр деуге болады.

184 МЛРД КІРІС ТАПҚАН КОМПАНИЯ КІМГЕ ТИЕСІЛІ?

Анонимді дереккөздің айтуынша, Түркістанда жүргізіліп жатқан мемлекеттік сату, сатып алу конкурстарының жеңімпазы болып Айко Төкеннің еншілес компаниялары жиі таңдалады.

Мәселен, «Столичное бюро экскурсий «Саят» ЖШС Ирина Рей облыстағы беделді кәсіпкер Айко Төкеннің жақын адамы саналады. Тіптен отбасылық достар деуге келеді. Мына фотосуретте Айко Төкен Ирина Рейдің қызы Кристинамен қыдырып жүр.

Кәсіпкер Айко Төкенге бағынысты емес еншілес компаниялар қатарында «Столичное бюро экскурсий «Саят» ЖШС-дан бөлек тағы бірнеше компания аталады.

Айко Төкен баспасөзге Қожа Ахмет Ясауи кесенесін жарықтандыру бойынша атқарылған жұмыс жөнінде «А-Спец Строй» мердігер компаниясының атқарушы директоры ретінде сұхбат та берген.

Statsnet.co сайтындағы мәліметке сүйенсек, 2021 жылғы мемлекеттік келісім-шарттар бойынша компанияның кірісі 183 857 024 868 теңге болған.

Комания 33 мемлекеттік келісімшарттың барлығын бір көзден алу тәсілімен тікелей жасасқан.

ӨМІРЗАҚ ШӨККЕВТІҢ ДЕ ҚАТЫСЫ БАР

Айко Төкеннің облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен де қоян-қолтық жұмыс істейтіндігін Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламадан аңғаруға болады.

«Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен жасақталған «Farab» жаңа кітапханасы ашылды» деп баспасөз қызметі таратқан ақпаратта Айко Төкен кітапхана жобасының тұжырымдамасын әзірлеуші жұмыс тобының жетекшісі ретінде таныстырылған.

Ал Айко Төкеннің өзі ғана емес шешесі Ләззат Көккөзова да беделді кәсіпкер ретінде танылған. Ашық дереккөздерде Ләззат Көккөзова «SUCCESS K» ЖШС-нің директоры екендігі көрсетілген. Аталған компания пандемия кезінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың PR науқанына 2 миллионға жуық АҚШ долларын жұмсауымен жұртшылық есінде қалды.

Statsnet.co мәліметінше, компанияның 2021 жылғы жылдық кірісі 633 782 833 теңгеге жеткен.

Компания мемсатып алу порталында көбіне бір көзден сатып алу тәсілі арқылы тікелей шарт жасасып отырған. Серіктестік Түркістан қаласындағы LED-дисплейлерге жарнама орналастыру бойынша қызмет көрсету, Түркістан облысы, Түркістан қаласын дамыту жобасының тұсаукесерін дайындау, Ташкентте Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында көрме ұйымдастыру және өткізу қызметтері, Алматы қаласының туристік әлеуетін PR және жарнамалау бойынша мемлекеттік сатып алу қызметтерін көрсеткен. «SUCCESS K» ЖШС тендерлік жеңістерінің толық тізімін мына сілтемеден көруге болады.

Бір қызығы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов 2016-2018 жылдар аралығында осы «SUCCESS K» ЖШС-ның атқарушы директоры болған. Аталған компаниялар тобының Түркістан нарығына дендеп енуі облысқа Сәкен Қалқамановтың келуімен және сол кезде қолданыста болған инвестициялық жобаларды қарау тәртібінің сақталмауынан басталды деседі.

ОБЛЫСТАҒЫ БАРЛЫҚ ПРОЦЕСТІ ТЕКСЕРУ КЕРЕК

«Әділдік жолы» РҚБ Түркістан қалалық филиалының жетекшісі Амангелді Қалыбектің айтуынша: «Түркістанда болып жатқан заңсыздықтарды анықтау және жолын кесу үшін бір ғана мемлекеттік құрылымға артып қоюға болмайды. Мұнда ведомство аралық, азаматтық қоғам өкілдерімен біріге комиссия құрылып, облыста болып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген бүкіл процесстерді мұқият зерделеп шығу қажет».

Айта кетелік, Өмірзақ Шөкеев туған жері Түркістан облысын 2019 жылдан бері басқарып келеді. Бүгінде мұндағы өмір сүру деңгейі Қазақстан бойынша ең төмен өңір санатында.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2022 жылдың бірінші тоқсанында кедейшіліктің ең жоғары деңгейі Түркістан облысында (8,3%) тіркелген.

Облыс өз күшімен қазынаны 10,9 пайызға ғана толтырады, кірістің 90 пайызға жуығы республикалық бюджеттен түсетін трансферттер түрінде келеді.

Түркістандық шенеуніктер бюджет қаржысын миллиардтап игеріп жатқан тұста, экономикалық тығырыққа тірелген өңірдің жағдайы аса мәз болмай тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама