×

Астана әкімі халықты сақтыққа үндеді

Қарт кісілер мен балалар жарақат алмас үшін сыртқа шықпағаны жөн, - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 08.02.2024 | 17:35
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы ауа райының қолайсыздығына байланысты халықты сақтыққа үндеді.

Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары!

Боран мен қатты желге байланысты қаланың барлық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы қала көшелерін қардан тазартып, қажет жағдайда жолдар мен тротуарларға құм-тұз қоспасын себуді жалғастыруда. Қарт кісілер мен балалар жарақат алмас үшін сыртқа шықпағаны жөн. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер жолда өте мұқият болуы, арақашықтықты және жол қозғалысының барлық ережесін сақтауы керек. Сол сияқты, ауа райының өзгеруі және енгізілген шектеулер, оның ішінде қаланың тасжолдарына қатысты ақпаратты назарда ұстауды сұраймын, – деді ол.

Бүгін еліміздің солтүстік, батыс және шығыс өңірінде ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдар жабылып, жұмыс уақыты қысқарып, орта және жоғары оқу орындарындағы сабақ онлайн режиміне ауыстырылды. 12 облыста республикалық маңызы бар автожолдардың 66 учаскесі жабылды.

Еліміздің бас қаласы – Астанада әуежай әуе рейстерінің жұмысы тоқтап жатыр. Жоспарланған 72 рейстің ұшатын 7 рейсі, ұшып келетін 8 рейсі тоқтатылды.

Синоптиктер 8-10 ақпанға арналған ауа райы болжамын жариялап, күн бұлтты болып, қар аралас жаңбыр жауып, жел күшейтінін мәлімдеді. Алдағы күндері Қазақстан атлантикалық циклонның ықпалына түседі деген дерек те келтірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама