Ақтөбе облысында жолда қалған жолаушыларға көмек көрсетілді

Дәурен Ерболат

Елімізде тұрақсыз ауа райы сақталады

Фото: avtospravochnaya.com

Ақтөбе облысында ауа райының қолайсыздығы салдарынан жолда қалған жолаушыларға көмек көрсетілді, деп хабарлады QazAvtoJol ұлттық компаниясы.

Бұрқасын, қалың қар мен жолдың көрінбеуінен республикалық маңызы бар М-32 (Самара (Ресей) – Шымкент) автожолында уақытша шектеу енгізілді. Жолда қалған 6 автобустың жолаушыларына компания қызметкерлері мен еріктілер ыстық тамақ пен сусындар, дәрі-дәрмектер жеткізді.

Сондай-ақ жолда қалып қойған жеңіл және жүк көліктерді қардан шығару, жүргізушілерді жақын маңдағы елді мекендерге жеткізу жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр.

3 күннің ішінде 60-тан аса автокөлік қар құрсауынан шығарылып, Хромтаудан Ақтөбе қаласына дейін жеткізу ұйымдастырылды.

Еліміздің бірқатар өңірінде ауа райы әлі тұрақсыз. Жол қызметкерлері тәулік бойы, күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.