Суицидті насихаттарғандар да заң алдында жауап бермек
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова балалар мен әйелдердің құқығын қорғайтын заңға қандай жаңа нормалар енгізілгенін түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның пікірінше, балалар мен әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық – қоғамға ортақ мәселе.
«2017 жылы отбасылық зорлық-зомбылыққа жаза декреминализацияланғаннан кейін осындай салдарға тап болдық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң үстемдігі және тәртіп қағидатын күшейту тапсырмасын орындау үшін бүгінгі заңнамалық түзетулер әзірленді.
Біріншіден, зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу үшін бірқатар норма қарастырылды:
2017 жылдан бастап, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1 бабына Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылса немесе 15 АЕК айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамаққа алу қарастырылса, 73-2 бабы ұрып-соққаны үшін 10 АЕК айыппұл не 10 тәулікке дейін қамаққа алу қарастырылған. Бұл баптар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінен алынып, Қылмыстық кодекстің 108-1 бабына: Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, 109-1 бабы: Ұру жаңа баптары енгізіліп отыр. Осы жерде бір мәселеге баршаңыздың назарыңызды аударғым келеді. Бұл баптар тек әйел немесе бала құқығын қорғаумен қатар, барлық құқығы бұзылған денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтірілген және ұрып-соғуға тап балған барлық азаматтың құқығын қорғауға бағытталады.
Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту. Жаңа редакцияда, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылды», - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Сондай-ақ жаңа редакцияда денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Балалардың құқығын қорғау саласында 2 жаңа норма қарастырылды. Жаңа редакцияда педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылды. Кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін жаңа редакцияда өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылады, - деді депутат.
Сонымен қатар азаптауға байланысты заңда жаңа нормалар бар.
Жаңа редакцияда азаптау қоғамдық жұмыстар 600 сағатқа дейін не 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Бұған дейін, егер отбасында ойран салатын азаматтың басқа тұрғын үйі болса, оның жәбірленушімен бір тұрғын үйде тұруына соттың тыйым салуы болды. Бұл норма жұмыс істеген жоқ. Жаңа редакцияда зорлық-зомбылық құрбанын қорғау үшін сот ерекше жағдайда белгілі бір мерзімге отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға бірге тұруға тыйым салу түріндегі құқықтық ықпал ету шарасын қолдануға құқылы, - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Ол заңдағы нормада отбасының шырқын бұзғандарға психологиялық көмек көрсетілетінін жеткізді.
«Қылмыстық кодексте 98-3 жаңа бабы қарастырылып отыр: 98-3-бап. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу. Осы баптың негізінде құқық бұзған азаматтарға тек жазаны күшейтумен қатар, сот шешімі бойынша керек деп таныған кезде медициналық ұйымдарда психологиялық көмектен өту мүмкіндігі қарастырылды.
Азаматтардың өтінішін күтпей-ақ, уәкілетті органдар зорлық-зомбылық фактілері туралы БАҚ-тағы немесе әлеуметтік желілердегі хабарламалар негізінде шара қолдану мүмкіндігі қарастырылатын норма көзделген.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға сот шешімі бойынша не қылмыстық процесс тараптарының өтініші бойынша 3 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге, жәбірленушіні іздестіруге, қудалауға, оған баруға, ауызша, телефон арқылы келіссөздер жүргізуге және онымен өзге де тәсілдермен байланысқа түсуге тыйым салынатын ерекше талаптар белгіленуі қарастырылады, - деді депутат.
Екіншіден, суицидті болдырмау үшін Қылмыстық кодексте жаңа 2 норма енгізілді.
1. Суицидке итермелеу және 2. Суицидті насихаттау. Мысалы, бірнеше жыл бұрын «Синий кит» секілді әлеуметтік желілерде ойындар болды. Суицидке итермелегені үшін 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылады.
Суицидті насихаттағаны үшін 200 АЕК (738 мың 400 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) мөлшерінде айыппұл түрінде жаңа қылмыстық жауапкершілік енгізіледі, - деді ол.
Үшіншіден, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне отбасы институтын нығайту бойынша нормалар қарастырылған.
«Кодекстің неке-отбасы заңнамасының негіздері деп аталатын 2-бабында жаңа 9, 10 тармақшалары қарастырылды.
Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға, сақтауға, нығайтуға және ілгерілетуге, сондай-ақ ұлттық және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды құрметтеу рухында балалардың адамгершілік және рухани тәрбиесін қамтамасыз етуге негізделген неке-отбасы заңнамасының қағидаттарын бекіту ұсынылады. Бұдан басқа, жергілікті атқарушы және өкілді органдардың мемлекеттік отбасылық саясатты іске асыру жөніндегі бірқатар құзыреті қарастырылған. Мысалы, отбасы институтын нығайту жөніндегі негізгі нысаналы индикаторларды бекіту, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды және басқаларды анықтау және оларға жан-жақты қолдау көрсету қарастырылады», - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Төртіншіден, интернатта тұратын балалардың құқығын қорғау көзделеді.
«Мұнда 2 проблема бар. Бірінші, жабық интернаттар, оған балалар үйлері де кіреді. Екінші, арнайы әлеуметтік-медициналық қызмет көрсететін ұйымдар. Қазір тексерісті арнайы жоспарлайды, хабарлама береді, содан кейін тексереді.
Біз бақылау субъектісін алдын ала хабардар етпей, барлық үлгідегі және нысандағы балаларға арналған интернаттарда кез-келген уақытта мемлекеттік бақылау жүргізуді ұсынамыз. Мониторинг және алдын ала араласу, ескертусіз тексерулер жүйесін енгізу балалардың құқығын бұзу дерегін дер кезінде анықтауға, уақтылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Балаларға арнайы медициналық-әлеуметтік қызметтерды міндетті лицензиялау қажет деп білеміз. Білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдарды, яғни балалардың жазғы лагерлері, жалпы лагерьлеріне міндетті лицензиялауды ұсынамыз, - деді депутат.
Бұған дейін былтыр отбасындағы зорлық-зомбылықтан 69 әйел көз жұмғаны хабарланған еді.