Тұрмыстық зорлық салдарынан 7 бала қайтыс болған
Қазақстандағы Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиева 2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала қаза тапқанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары таныстырылды.
Динара Закиева бұл құжаттың Қазақстандағы аналар мен балалардың құқығын қорғау үшін маңызды екенін жеткізді.
Қазір қоғамды көп алаңдататын өзекті мәселенің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық және балаларға қарсы жасалған қылмыстар. Былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 99 мың өтініш түсті. Балаларға қарсы 2452 қылмыс жасалды, тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала қаза тапты, - деді Бала құқығы жөніндегі уәкіл.
Еске салайық, IІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күресу үшін арнайы бөлімше құрылатынын мәлімдеді.