×

Атырауда да мектептерге шабуыл жасау туралы хабарлама тарады

Бұған дейін біреу өзінің Ақтөбе мектептеріне қырғын жасағысы келетінін мәлімдеген еді

 Еркеғали Болатұлы 28.01.2024 | 16:40
фото: Halyq Uni

Атырауда мектептерге шабуыл жасау туралы хабарламалар таралып жатыр. Полиция оның халық арасында дүрбелең туғызуға бағытталғанын мәлімдеді.

Құқық қорғау органдары терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағандарға қатысты тергеуді бастады.

26 қаңтардан бастап біз оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша, оның ішінде бейнебақылау және оларға жақын жерде полиция жасақтарының санын көбейту арқылы үздіксіз жұмыс жүргізіп келеміз. Мектеп оқушылары штаттық режимде оқуды жалғастырып жатыр. Полиция және басқа да құзыретті органдар сәйкесінше қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бұл хабарламалар халық арасында дүрбелең туғызуға арналған, - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, 25 қаңтарда Telegram желісінде «Конец Актобе» деп аталатын арна пайда болған еді. Сонда автор өзінің Ақтөбе мектептеріне қырғын жасағысы келетінін мәлімдеді. Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі лаңкестік актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастағанын хабарлады. Мектепте сабақ тоқтатылған жоқ.

Атырау облысында да осындай қоқан-лоққы хабарламалар шыға бастағанмен, өңір әкімінің орынбасары жұртты үрейленбеуге шақырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама