×

Әкімдік қаржы бөлмеген Шымкенттегі дағдарыс орталығына тышқан қаптап кеткен

32 адам – әйелдер мен олардың балаларын үйлерге бөлдік, - дейді мекеме жетекшісі

 Еркеғали Болатұлы 25.01.2024 | 11:28
фото: дереккөз

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсететін «Көмек» жекеменшік дағдарыс орталығында тышқан қаптап кеткендіктен, уақытша жабылды. Бұл туралы Otyrar.kz хабарлады.

Әлеуметтік мекеме жетекшісі Малика Абдрашқызының айтуынша, кеміргіштердің қаптауына жылы ауа райы себеп болған. Бұдан бұрын ол ауданда тышқан 2018 жылы қаптап кеткен көрінеді. Бұл жолы олар дағдарыс орталығының бірінші қабаты мен тамақтанатын орынға жиналған. Сол себепті әйелдер мен балаларды шұғыл басқа орындарға көшіруге тура келіпті. Орталықтың өзінде қазір дезинфекция жүргізіліп жатыр.

Оқиға жаңа жылдан кейін болды. Екінші қабат дұрысырақ. Бірінші қабатқа, емдік дене тәрбиесі кабинетіне, асханаға тышқан қаптап кетті. Біз тұрғындарымыздың мұндай жағдайда өмір сүруіне жол бере алмадық. 32 адам – әйелдер мен олардың балаларын үйлерге бөлдік. Еріктілер тартылды, біздің қызметкерлер де көмек көрсетті. Бұрын бізбен бірге тұрып, көмек алғандар да шама-шарқынша бұл адамдарды үйлеріне алып кетті. Бәріне алғыс айтамыз. Өкінішке қарай, Шымкент қаласының әкімдігіне жүгінген жоқпыз. Себебі осы жылдар бойы жергілікті атқарушы органдар ешқандай қаржылық көмек көрсеткен жоқ. Ал өмірінің қиын кезеңінде жүрген әйелдер көмекке мұқтаж, - дейді Малика Абдрашқызы.

Дезинфекция жұмыстары күн сайын жасалып жатқанын айта кеткен жөн. Жоспар бойынша келесі аптада дағдарыс орталығы қайта ашылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама